- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Логопед "р" және...
Логопед "р" және "ш" дыбысын айта алмайтын балаларға арналған жаттығуларды ұсынды
Балаға "р" дыбысын қойып беру – баласын логопедке алып келетін ата-аналардың жиі қоятын талабы. Алайда бала басқа да дыбыстарды айта алмауы әбден мүмкін, бірақ оларды ата-ана көбіне байқай бермейді. Р дыбысы балада бірден пайда болмайтынын және ол 5 жасқа таман қалыптасатынын түсіну маңызды. Сондай-ақ көпшілік бала "ш" дыбысын да айта алмайды. Егер балаңыз осы жаста р, ш немесе басқа да дыбыстарды айта алмайтынын байқасаңыз, оны логопед маманына уақытында көрсету керек. Ал қазақстандық логопед Шәйкенова Назгүл Серікқызы балаға "р" және "ш" дыбысын қоюға көмектесетін жаттығуларды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Логопед дыбыс айту бұзылысының 4 түрі бар екенін айтты:
- дыбысты мүлдем айтпау;
- дыбысты бұзып айту;
- дыбысты басқа дыбыспен алмастыру;
- дыбысты шатастыру.
"Бірінші бұзылу түрін және себептерін анықтау арқылы баланың дыбысты қалай айтатынын тексереміз. Оны түзету жұмыстарының бірінші сатысы - дайындық кезеңі. Артикуляцияны дұрыс қалыптастыру үшін арнайы жаттығулар қолданылады", - деді маман.
Логопед Шәйкенова Назгүл "ш" дыбысын қоюға көмектесетін жаттығуларды ұсынды:
- "Күрекше". Жалпақ тілді шығарып, астыңғы ерінге ұстап тұру керек;
- "Тәтті тосап". Жалпақ тілді шығарып жоғарғы ерінді жалап, тілді ауыз қуысына тереңірек апару. Оны 15 рет қайталау керек;
- "Кесе". Ауызды кең ашып, жалпақ тілді көтеріп жоғарғы тістерге созып, бірақ тигізбей ұстап тұру керек.
Маманның айтуынша, "р" дыбысын қоюға мына жаттығулар көмектеседі:
- "Сылақшы". Ауызды кең ашып тұрып, тілдің ұшын жоғарғы таңдайға тигізіп алға және артқа қозғалту. Оны 10 рет қайталау керек;
- "Тоқылдақ". Ауызды кең ашып, тілдің ұшымен жоғарғы альвеолаға немесе таңдайға жиі-жиі соғылғандай қимыл жасау керек;
- "Ат шауып келеді". Ауызды кең ашып, тілді таңдайға жапсыру-айыру немесе таңдай қағу;
- "Саңырауқұлақ". Ауызды кең ашып, тілді таңдайға жапсыра ұстап тұрып, төменгі жақты басып, ауызды кең ашып ұстау.
Оқи отырыңыз: Баламен ойнау арқылы оның сөйлеуіне көмектесуге бола ма?
А. Жапатова