- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Логопед баланың дамуына...
Логопед баланың дамуына пайдалы ұлттық ойындарды ұсынды
Ұлттық ойындар - ата бабамыздан бізге жеткен өнегелі мұра. Баланың өмірінде ойындар ерекше орын алады. Ойындар ойнау бала тілінің шығуына және оның дамуына көмектеседі. Ал ұлттық ойындар болса, бала дамуына жағымды әсер етіп қана қоймай, сондай-ақ оның ұлттық рухын, намысын қалыптастыруға ықпал етеді. Логопед Шәйкенова Назгүл Серікқызы бала дамуына пайдалы ұлттық ойындарды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Логопед балаға ойын таңдау кезінде оның ұсақ моторикаға пайдасын ескеретінін айтты.
"Ұсақ моторика - бұл ұсақ заттармен күрделі әрекеттер жасау қабілеті. Ұсақ моторикада ұсақ бұлшықеттер жұмыс істейді: түймені тағу, жіптер байлау, музыкалық аспаптармен ойнау, қию–кесу, сурет салу – бұның барлығы ұсақ моторика. Ұсақ моториканы дамыту қаншалықты маңызды? Ұсақ моторика - жүйке жүйесімен, баланың есте сақтауымен, зейіні мен ойлауымен, қабылдауымен тығыз байланысты. Ұсақ моториканы дамыта отырып, біз оның саусақтарын ғана емес бір-біріне жақын орналасқан мидағы сөйлеуді ынталандыратын және моторлы орталықтарын белсендіреді", - дейді Назгүл Серікқызы.
Қол моторикасы үшін қандай ұлттық ойындар пайдалы?
Ақшамшық (сақина салу). Оны сақина салу, сақина тастау деп те айтады. Бұл ойынды бұрын бір топ қыз-жігіттер ойнайтын болған. Алайда оны балалармен де ойнауға болады. Бала екі алақанын бір-біріне қабыстырып алға созады. Яғни, баланың қолы жұмыс істейді. Оған қоса, сақина кімде екенін анықтау керек болғандықтан, бұл ойын балаларды бірден қызықтырады.
Асық ойнау. Асық ойнау баланы шеберлікке, мергендікке, батылдыққа, ептілікке, шешімдікке, ырымға тәрбиелейді.
"Ұшты-ұшты" ойыны. Ойын бастаушы оған қатысушыларды жаңылыстыру үшін тез-тез ұшатын, ұшпайтын заттарды араластырып айтады. Шарт бойынша ойнаушылар ұшатын заттарға ғана қолын көтеруге тиісті. Ойын бастаушы негізінен адамдарды былайша жаңылыстырады:
- Ұшты, ұшты – тарғақ ұшты! (ұшады).
- Ұшты, ұшты – жарғақ ұшты! (ұшпайды).
- Ұшты, ұшты – тырна ұшты! (ұшады).
- Ұшты, ұшты – тырма ұшты! (ұшпайды).
Бұл ойын баланың жылдам ойлау, жылдам шешім қабылдау және әрекет ету қабілетін дамытады.
Бестемше. Бұл ұлттық ойын барысында баланың қабылдау, есте сақтау, ойлау, қиял және т.б. танымдық қабілеттері артады, тілдері дамиды. Қазір еліміздің кей балабақшаларында бұл ойынды баланы дамыту үшін белсенді қолданылады.
Сиқырлы таяқ. Ойынға жиналғандар қол ұстасып, дөңгелене шеңбер құрып тұрады да, араларынан біреуін ойын жүргізуші етіп тағайындайды. Жүргізуші қолына таяқ ұстап, шеңбердің ортасына шығады да, ойын тәртібін, жолдарын түсіндіреді. Ойнаушылардың бір шетінен бастап барлығына рет қатарын білдіретін сандарын атайды. Сонан кейін жүргізуші қолындағы таяғының бір басын жерге тіреп тік ұстайды да, кез келген бір ойыншының санын атап, таяқты қоя береді. Айталық, жүргізушінің атаған саны төртінші, бесінші, оныншы не жиырмасыншы бола ма, әйтеуір, рет саны аталған ойыншы ести салысымен жүгіріп барып таяқты құлатпай ұстауы керек. Егер ол дауысты аңғармай немесе жайбасар болып, дереу алмай, таяқты құлатып алса, онда ол ортада тұрып, көптің ұйғаруымен өнер көрсетеді. Ол өлең айтып, би билеп, домбыра тартады, әйтеуір көпшілік нені талап етсе, бәрін орындауға тиісті. Ол өнерін көрсетіп болған соң қайтадан орнына барып тұрады. Егер таяққа тез жетіп жерге құлатпай ұстап алса, онда жүргізушімен орын ауыстырады. Бұл ойын да ептілікті, шапшаңдықты қажет етеді.
Бестас. Ойынның "бестас" аталу себебі ойында бес тастың пайдаланылуымен байланысты. Бұл қол моторикасына өте пайдалы ойын. Сондай-ақ ол адамды жылдамдыққа, қағылездікке, тез шешім қабылдауға үйретеді.
Оқи отырыңыз: Баланың тілі неге кеш шығады? Логопед көпті толғандырған сұраққа жауап берді
А. Жапатова