- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Спорт министрлігіне қатысты
“Логикаға сәйкес келмейді“. Депутат Туризм және спорт министрлігін сынады
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Туризм және спорт министрлігінің жұмысын сынға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ешкім білмейтін спорт түрі көп"
Мәжіліс отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын баяндады.
Депутат Сайыров министрге осы бағытта сұрақ қойды.
"Қазақстанның спорт саласында логикаға сәйкес келмейтін қадамдар мен шешімдер өте көп. Сол қадамдардың біреуі - Туризм және спорт министрлігінің Қазақстанда 180 спорт түрін тіркеуі. Ешкім білмейтін спорт түрлерін тіркеп, оны бюджеттен қаржыландырудың қажеті қанша?! Ұлыбританияда 15 спорт түрі тіркелген. Көрші Өзбекстанда 17 спорт түрі тіркелген. Германияда 17 спорт түрі тіркелген. Қазақстанда 180 спорт түрі тіркелген. Бұл не мырзалық деген сұрақ туады. Спорт түрлерінің тағдыры қандай болады және ешкім танымайтын, білмейтін спорт түрлеріне бюджеттен ақша беруді тоқтатамыз ба, жоқ па?" - деді депутат.
Министр не дейді?
Туризм және спорт министрі заң жобасы аясында мәселе қаралатынын жеткізді. Оның сөзінше, бұл - спорт саласындағы негізгі проблемалардың бірі, халықтың көкейіндегі сұрақ.
"180 спорт түрінің ішінен басым спорт түрлерін анықтау осы заң аясында жүріп жатыр. Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия ойындары, Пара Азия ойындарына кіретін спорт түрлерін және ұлттық спорт түрлерін осы бағдарламада басым спорт түрлеріне бекітеміз. Алпысқа жуық спорт түрі болады. Министрлік тарапынан мониторинг тобы құрылған. Әр өңірде саралап, анализ жасалып жатыр. Географиялық орналасуына, тарихына, инфрақұрылымға байланысты әр өңірге басым спорт түрлерін бекітеміз", - деді министр.
Еске салайық, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық мәселесіне сыртқы талдау жүргізді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова