- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ілияс Түстікбаев: "Қыркүйектен...
Ілияс Түстікбаев: "Қыркүйектен бастап "ерікті" студенттердің шәкіртақысы 30 пайызға артады"
Жыл басында 2019 жыл Елбасы бастамасымен Жастар жылы деп жарияланды. Жарты жылға жуық уақытта қандай жұмыстар атқарылды? Алда қандай жоспарлар бар? Елдегі саяси өзгерістерге жас буын өкілі қандай баға береді? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын елдегі жас буын өкілдерімен тікелей жұмыс жасайтын ұйым – Қазақстан студенттер альянсы студенттік қозғалысының президенті Ілияс Түстікбаев берді.
Жастар жылының жарты жылында жасалған жұмыстарға тоқталсақ. Есепті уақытта айтып ауыз толтыратындай қандай шаруалар жасалды?
– Қазақстан студенттер альянсының тарапынан Жастар жылы аясында Республика бойынша «Жастардың өзін-өзі басқару жүйесін дамыту» атты жобасын іске қостық. Бұл жобаның аясында 17 өңірде жастар ісі жөніндегі комитет басшыларының ЖОО мен колледждердегі облыстық кеңестері құрылуда. Облыстық кеңестің жұмыс топтары студенттердің әлеуметтік, тұрмыстық, білім саласындағы мәселелерін шешумен айналысады. Қазіргі уақытта Нұр-сұлтан қаласы және Павлодар, Алматы облыстарында арнайы кеңес өз жұмысын бастап кетті. Осы айдың соңына дейін Қызылорда облысында және тағы бірнеше өңірде құрылады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы қаржы орталығы мен Елбасының 5 әлеуметтік бастамасындағы үшінші әлеуметтік бастама – 75 мың орындық жатақханаға байланысты меморандумға қол қойылды. Жарты жылдықта Алматы, Шымкент қалаларында жаңадан тұрғызылған жатақханалар ашылып, қазіргі уақытта мониторинг жүргізіліп жатыр.
Нұр-Сұлтан қаласында Республика жастарына, студенттерге арналған IHUB coworking орталығы ашылды. Бұл орталықта кез келген жасқа қолжетімді қызмет көрсетіледі.
Қазақстан студенттер альянсының тарапынан, қазіргі уақытта өңірлердегі студенттермен кездесулер өткізіп, студенттер арасындағы ең өзекті мәселелерді талқыға салып, осы мәселелерді біз Үкіметке жолдаудамыз.
Жылдың екінші жартысына қойған жоспарларыңыз қандай?
– Жоғарыда айтып өткендей, Жастар ісі жөніндегі комитетке қарасты облыстық кеңестер жыл соңына дейін барлық 17 өңірде құрылады. Республика бойынша, Жастар ісі жөніндегі комитеттерге бірыңғай жүйе құрылады. Студенттерге арналған ашық сайт ашылады. Заңнамалық актілерге өзгертулер енгізу үшін ұсыныстар беріледі. Ерікті болып жүрген студенттердің шәкіртақы көлемі 1 қыркүйектен бастап 30 пайызға артады.
Жаз айларында жазғы Республикалық студенттер лагері, қысқы маусымда қысқы лагерь ұйымдастырылады. Бірінші Республикалық студенттер және Жастар ісі жөніндегі комитеттердің слеті өтеді. Облыстарда Республикалық деңгейде дебат турнирлері, ктк ойындары, спорттық спартакиадалар, семинар форумдар ұйымдастырылады.
Студенттердің ең негізгі проблемалары қандай?
– Студенттердің ең негізгі проблемаларының бірі, бұл жатақхана мәселесі. Қазіргі уақытта Республика бойынша іске қосылған жатақханалардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, қайта жөндеу жұмыстарынан өткізу көзделген. Одан бөлек, жастар арасындағы жұмыссыздық, ЖОО мен колледждердегі жемқорлық сияқты мәселелер – студенттердің негізгі проблемалары. Студенттердің саналы түрде білім алуына жағдай жасау үшін шәкіртақы бағасын көтеруді, сондай-ақ, шәкіртақы соммасын айлық есептік көрсеткішке тіркесек деген ұсыныс тастап отырмыз. Колледждерде оқитын студенттерге тегін білім берілсе деген идея тастадық. Мегаполистерде жол жүру бағасының қымбаттығына байланысты студенттерге қоғамдық көлікте тегін жүруге жағдай жасалса деген ұсыныстарымыз бар.
Елдегі саяси өзгерістерге Қазақстан жастарының көзқарасы қандай?
– Қазақстанда 540 мыңға жуық студент бар. (Әр жыл сайын 150 мың мектеп түлегі студент атанады. Мемлекет тарапынан жыл сайын 75 мыңнан астам білім гранты ұсынылады. Яғни, мектеп бітіруші түлектердің тең жартысы грантқа ие болады) Олардың әрқайсысының өзіндік көзқарасы бар. Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген қазақстандық жастардың бойынан ашықтық, қайсарлық, еркіндік байқалады. Қазіргі уақыттың өзінде еліміздің дамуына өз үлестерін қосқысы келеді. Сондықтан олар, елдегі саяси өзгерістерге оң көзқараспен қарайды деген ойдамын.
Қазақстан-Ресей жастарының форумында 2020 жылды «еріктілер жылы» деп атау туралы ұсыныс түсті. Бұл жағдайға жеке көзқарасыңыз қандай?
– Форумдағы бұл ұсыныс – біздің ел үшін қуанышты жағдай. Себебі, қазіргі уақытта еріктілер саны күннен күнге өсіп келе жатыр. «Ерікті» кез келген мектеп оқушысы, студент, орта буын өкілі, қарт адам да болуы мүмкін. Яғни, ерікті – елге, қоғамға пайдасын тигізгісі келетін, жас мөлшеріне шектеу қойылмаған кез келген қазақстандық. 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялау, осы адамдардың еңбектерін бағалау деп ойлаймын. Осы жыл аясында Республикалық еріктілер желісі қүрылып, біржүйелендіріліп, халықаралық деңгейде ісшаралар өткізіліп, еріктілер базасы әзірленіп, олардың қоғамдағы орыны айқындалса дұрыс болар еді.
Жақында АҚШ-та ұйымдастырылған Халықаралық экономикалық, әлеуметтік Жастар форумына қатыстыңыз. Жастармен жұмыс жасауға байланысты қандай әлемдік тәжірибелерді байқадыңыз?
– БҰҰ-ның жанындағы экономикалық және әлеуметтік жастар форумына қатысу мақсатында Нью-Йорк қаласына барған Қазақстан делегациясының құрамында болдым. Шыны керек, деңгей өте жоғары. 180-нен аса мемлекеттен түрлі лауазымды саяси тұлғалар қатысты. Форум барысында халықаралық деңгейде жастардың мәселелері көтеріліп, шешу жолдары айтылды. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, өзіміздің мемлекетімізде тың бастамаларды жүзеге асыруға болады екен. БҰҰ-да тұрақты даму көрсеткіші бар. Сол көрсеткіштер аясында жұмыс жасау өте қолайлы және сенімді екенін ұқтық. Алдағы уақытта көкейге түйген ойларды жүзеге асыратын боламыз.
Қазақстанда жастармен жұмыс жасайтын қандай ұйымдар бар?
– Жас Отан, Қазақстан КВН одағы, Ұлттық дельфи комитеті, Жасыл ел деген сияқты жастармен байланыса отырып жұмыс жасайтын ірі ұйымдар және көптеген ЖОО ішінде, колледждерде студенттік ұйымдар бар. Ал студенттермен тікелей жұмыс жасайтын негізгі ұйым бұл – Қазақстан студенттер альянсы. Жастар жылының аясында студенттерге өз жобаларын іске асыруға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР Білім және Ғылым министрлігі, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы қолын ұшын созуда.
Әңгімеңізге рақмет!
А. Қажиев