Литвалық ұстаз қазақ тілі мен домбырада ойнауды үйреніп жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар24" телеарнасына сілтеме жасап.
Бронислав Бугинас қазақтың көне аспаптарын танып қоймай, кейбірін меңгеріп алған. Литвалық білгенін балаларға үйретіп, жеткіншектерді өнерге баулып жүр. Оның Ұлытау облысы Қарсақпай ауылынан елордаға көшіп келгеніне 10 жыл болды. Қазір "вокал және музыкалық аспаптар" үйірмесінің жетекшісі қызметін атқарады. Бронислав домбыраның құлағында ойнайды.
"География факультетінің 2-курс студенті едім. Жезқазған қаласында жастар арасындағы шығармашылық байқауға қатыстым. Алматыға жолдама жеңіп алдым. Содан бастап өнерге, домбыраға деген қызығушылығым артты. Кейін музыкаға ден қойып, оқуымды ауыстырдым. Міне, осылайша домбыра, өмірімді күрт өзгертті", - дейді ол.
Өнерімен көпті тәнті еткен литвалық азамат мемлекеттік тілді де меңгере бастаған.
"Домбыра арқылы, қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін таныдым. Тілін үйреніп жүрмін. Мен 10 жыл бұрын Астанаға келдім. Оқушылар сарайында жұмыс істеймін. Біздің студияда біз ән айтамыз, қазақ аспаптарымен таныстырамыз, ойын ойнаймыз", - дейді ол.
Оның коллекциясында қазақтың түрлі домбырасымен қатар қобыз, саз-сырнай, тұяқтас, тіпті сыбызғыға дейін бар.
"Негізі менің мұғалімдік тәжірибем - 40 жыл. Бұл уақыт ішінде көптеген ұлттық аспапты жинап үлгердім. Бірін достарым сыйға тартқан, бірнешеуін туған-туыстарым табыстаған. Бір жерден музыкалық аспап көрсем, сатып аламын", - дейді ол.
Бугинас бүгінге дейн 1000-нан аса балаға домбыра шертуді үйреткен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!