Жетісу облысының денсаулық сақтау ұйымдарында заңбұзушылықтар анықталды. Қаратал ауданының прокуратурасы тұрғындарға міндетті сертификаттары жоқ және медициналық қызметке лицензиясыз медициналық көмек көрсетілгенін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, анықталған заңбұзушылықтар үшін медициналық ұйымдардың 20 қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың қатарында – орталық аудандық аурухананың бас дәрігері мен оның орынбасарлары бар. Оларға жалпы сомасы 4 миллион теңгеден асатын айыппұл салынған. Олар заңсыз медициналық немесе фармацевтикалық қызмет, дәрі-дәрмектермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу және лицензиялау нормаларын сақтамау бойынша айыпталған.
Сондай-ақ, прокуратура халықты вакцинациялау ережелерінің бұзылғанын анықтады. Осыған байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабының бірінші бөлігі бойынша төрт ауылдық аурухана меңгерушісіне 157 280 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Прокурорлардың айтуынша, бюджетке 12,8 миллион теңге көлемінде қаражат өтелді.
Еске салайық, Қазақстанда жеке процедуралық кабинеттер иелеріне заңбұзушылықтар үшін 15 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынған еді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, талап бұзған немесе лицензияға қажетті қосымшалары жоқ 406 нысан анықталған. Түсіндіру жұмыстарынан кейін 247 кабинет "ерікті түрде қызметін тоқтатты".
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!