Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов мектепте орамал тағудан қандай қауіп бар екенін Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бізде жыныстық топтар бар"
Оның айтуынша, діни киім формасы белгілі бір шектеулерге әкеледі. Ал бұл баланың ішкі мінезіне әсер етеді.
"Бірыңғай мектеп формасы эгалитарлық құрал ретінде әртүрлі ортадан келген балаларды бір-біріне жақындастырады. Яғни, оларды таптық тұрғыдан өзін кем сезінбеуге шақыру керек. Таптық тұрғыдан кем сезінбесе, балалардың білімге деген ынтасы жақсы болады. Зайырлы қоғамда діндердің бәрі тең. Егер біз орамалға рұқсат беретін болсақ, басқа да ағымдардың діни атрибуттарына рұқсат беруіміз керек. Сарапшылардың айтуынша, исламдық сигменттің өзінде 30-ға жуық ағым бар. Мұның бәрі әртүрлі формада енеді деген сөз. Хиджаб емес, орамал деп атасақ та, ол - бәрібір діни киім үлгісі. Ал діни киім форма сияқты. Белгілі бір қыз бала діни киім кисе, қоғам өкілдері оны діни жамағат деп қабылдайды. Сәйкесінше, оны сыртқы бақылауға алады. Сыртқы бақылау баланың мінезін діни нормаларға алып келеді. Сыртқы форма қалай да ішкі мінезді реттеп отырады. Бұл шектеулерге әкеледі", - деді әлеуметтанушы.
Әлеуметтанушы егер орамалға рұқсат берілсе, басқа да діни ағымдар мен жыныстық топтарға да рұқсат беру қажеттілігі туындайтынын атап өтті.
"Осы секілді этникалық қабаттар бар. Мәселен, жыныстық топтарды алайық. Біз дәстүрлі түрде ер мен әйел деп бөліп тастадық қой. ЛГБТК+ деген бар. Бізге ұнасын, ұнамасын, бәрібір олар арамызда өмір сүріп жатыр. Студентімнің құрбысы осылардың өкілі екен. Сөйтіп студентім ЛГБТК+ тақырыбын алып, дипломдық жұмыс жазды. Жетекшісі мен болдым. Ақпарат аз болатынын ескерткен едім, құрбысы арқылы сол қауымдастыққа кіріп бақылауға рұқсат алғанын айтты. Жеке сұхбаттар өткізіп, зерттеп шыққан. ЛГБТК қауымдастығының дерегі бойынша, Қазақстанда 1,5 миллион мүшесі бар. Ал мектептегі жасөспірімдердің ішінде де олардың өкілдері бар", - деді әлеуметтанушы.
"Балиғат некелесу жасы емес екенін бекітетін пәтуа керек"
Әлеуметтанушы елімізде 14-15 жастан бастап некелесу жағдайлары орын алғанын айтып өтті.
"Бізде балиғат жасына байланысты ұстаным жоқ. Балиғат жасы мен некелік жасы дегенді дұрыстап түсіндіру керекпіз. Бірқатар араб елдерінде 8-9 жас болған. Ал Йеменде азу тісі шықса, балиғат жасқа толды деп есептейді. Елімізде балиғат жасының некелесу жасы емес екенін бекітіп беретін пәтуалар керек. Заң бар, бірақ ешкім орындамай отыр. 14-15 жастан бастап некелесіп отырғандар бар. Әр өңірде мұндай жағдайлар кездеседі", - деді ол.
Сондай-ақ, әлеуметтанушы Өзбекстандағы шектеуді бізге де енгізу керек екенін айтты.
"Өзбекстандағы шектеуді бізге де енгізу керек. Себебі дәл сондай жағдай бізде орын алып отыр. Кейбір өңірлер Өзбекстаннан асып түспесе, кем емес. Жабық киініп жүретін топтармен біз де жұмыс жасауымыз керек. Деструктивті ағым деген заңда жазылмаған. Әуелі соны енгізіп, киімін нақтылап алу керек", - деді Талғат Жақиянов.
Еске салайық, бұған дейін Баян Мақсатқызының мектепте хиджаб кию туралы айтқаны жарияланған болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!