“Леңгірде балалар арнайы мектептен жаппай шығарыла бастаған“. Білім басқармасы пікір білдірді

“Леңгірде балалар арнайы мектептен жаппай шығарыла бастаған“. Білім басқармасы пікір білдірді
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Түркістан облысында сөйлеу қабілеті бұзылған және ақыл-есінде кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернаттан шу шықты. Түркістан облысы Білім басқармасы жағдайға пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Білім басқармасы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған мектеп-интернаттан оқушылар жаппай шығарылып жатқаны жөнінде ақпаратты жоққа шығарды.

"Оқушыларды оқудан шығару туралы ешқандай шешім қабылданған жоқ. Барлық бала оқу нысанына қарамастан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес білім алуды жалғастыра алады. Баланы жалпы білім беретін мектепке ауыстыру міндет емес, ата-анасының (заңды өкілдерінің) құқығы. Ол тек ата-аналардың таңдауы мен мамандардың ұсынымдарын ескере отырып жүзеге асырылады", - деп жазылған хабарламада.

Ведомство мәліметінше, психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру (ПМПК) қызметі оқу орнын жабу немесе балаларды оқудан шығару туралы шешім қабылдамайды.

"Оқу нысанын таңдау жөніндегі түпкілікті шешім әрқашан ата-аналарға тиесілі. 2025 жылғы 5 мамырда Білім басқармасының өкілдері мектеп ұжымымен және ата-аналармен кездесу өткізді. Кездесу барысында барлық мәселе бойынша толық ақпарат беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін ата-аналар балаларын комиссия интернаттан шығарып, қарапайым мектепке қуып жатқанын айтты. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget