Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыс прокуратурасымен бірлесіп бірқатар ауыр жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін Іле ауданының әкімін әшкереледі, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының рұқсатынсыз аффилирленген компанияға қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын сенімгерлік басқару құқығын беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деп күдіктенеді.
"Өңір экологиясына құқыққа қайшы әрекеттерінің нәтижесінде 204 млн теңге көлемінде залал келтірілді. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Сонымен қатар ол полигонды сенімгерлік басқару мерзімін заңсыз ұзарту арқылы өзінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бойынша күдікті. Қылмыстық схемаға аудандық қаржы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшылары тартылған", – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі.
Айта кету керек, компанияның қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату бойынша шартта көзделген міндеттемелері орындалмаған, ал оның қызметінен түскен табыс оны жеке байытуға бағытталған.
"Қылмыстық-процестіккодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі", – деді агенттіктің ресми өкілі Данияр Бегайдаров.
Іле ауданын 6 жыл басқарды
Антикор қызметкерлері әкімді 3 қыркүйекте ұстаған. Қарасаев қылмыстық кодекстің 361-бабы (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) және 362-бабы (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша күдікке ілінген. Бағдат Қарасаев Іле ауданын 2018 жылдың қыркүйегінен бері басқарып келе жатыр. Бұған дейін Алматы облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Бағдат Қарасаевтың Алматыдағы кардиореабилитациялық бөлімшесінде, жүрек ауруларының ауыр проблемаларына байланысты жатқан кезде ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Антикор аталған ақпаратты растады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз