“Ләззат Асановаға арналған“. Танымал “Қазақ қызы“ әнінің жиырма жылдан кейінгі жұмбағы туралы

“Ләззат Асановаға арналған“. Танымал “Қазақ қызы“ әнінің жиырма жылдан кейінгі жұмбағы туралы
Фото: Massaget.kz

"Мен қазақ қыздарына қайран қалам..." деп басталатын "Қазақ қызы" әні желтоқсаншы Ләззат Асановаға арналған. Оның құпиясы неге жиырма жылдан кейін ғана ашылғаны туралы әннің әуенін жазған белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кейіпкеріміз өзі де Желтоқсан көтерілісіне қатысқан.

"1985 жылы Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға түстім. Ләззатпен бір курста қатар оқыдық, ол қобыз бөлімінде білім алды. Менің жасым 31-де, Ләззат небәрі 16-да еді. Мен оның өкіл ағасы, ол менің қарындасым ретінде жақын араластық. 86-ның ызғарындағы қанды қырғынға бірге қатыстық. Түнгі сағат 1-дің шамасында бізді алаңнан мұздай сумен атқылап, қуып шықты. Алаңнан сол кезде жігіттерден бір мысқал да кем емес өжет қыздарды көрдім. Жиналған халықтың көптігі сонша, біз Ләззаттардан бөлініп кеттік. Артынан жатақханаға жиналдық. Бір-екі күннен кейін Ләззат тергеушілер алаңға бірге барғандардың атын атап, қол қойып берсе, қыспаққа алмай босататынын айтты. Мен оны қол қоймауға шақырдым. Бұл әрекеттен түк шығара алмағасын оған жатақханадағы бір қыздың сақинасын ұрлады деген жала жауыпты. Бұл жала қайсар қыздың жанына қатты батты. Алаңдағы қорқынышты оқиғадан бірнеше күннен кейін жатақханада "алтыншы қабаттан бір қыз секіргелі тұр" деген хабар жетті. Ұл-қыздар мен мұғалімдер қатар балконға қарай жүгірдік. Секіргелі тұрған қыздың Ләззат екенін қасына жеткенде бір-ақ білдім. Көмекке ұмтыла бергенде екі қолымен бетін басқан күйі жерге қарғып үлгерді. Өкінішке қарай, аман алып қала алмадық. Қасына барып, қолынан ұстағаным үшін мені бір ай тергеді", - деді композитор.

Марқұм артына "өзімнің ақ екенімді, айналамдағылардың кінә­сіз екенін дәлелдеудің жалғыз жолы - осы" деп хат қалдырып кетіпті. Желтоқсаншы Ләззат өлімінің соты бір­неше жылдан кейін өтті. Рамазан Тайманов онда "Желтоқсан құрбаны болу үшін алаңда ажал құшу шарт емес, Ләззат - көтеріліс құрбаны" деп куәлік беріп, сотта жеңіп шықты.

Ал әннің шығу тарихы мен халық арасында кеңінен танымал болу себебін композитор тарқатып берді.

"1987 жылы наурыз айында Қыздар педагогикалық институтында әнші, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының жас актері Нұрлан Өнербаевтың концерті өтті. Ол кезде мен "Айгүл" вокалды аспаптар ансамблінің жетекшісімін. Әнші сонда "Мен қазақ қыздарына қай­ран қалам..." деп басталатын өлең оқыды. Ақын Исраил Сапарбайдың "Желтоқсан айынан кейінгі ой" деген өлеңі екен. Жиналған жұрт ұйып тыңдады. Маған да ұнап қалды. Концерт аяқталғасын Нұрланға жолығып, өлеңге ән жазып бергім келетінін айттым. Ол әнді бірінші өзі орындайтын болды. Ән жазуға бір ай шамасында уақытым кетті және ол Ләззат Асанованың рухына арналды. Әнді табыстамақ боп театрға Нұрлан Өнербаевты іздеп барсам, гастрольдік сапармен Өзбекстанға кетіп қалыпты. Сол аралықта Жанар Айжанова қолқа салып, "Қазақ қызы" туындысының алғашқы орындаушысына айналды. Ән радио арқылы кеңінен тарап, халықтың ілтипатына бөленді. Кейін Нұрлан Өнербаев "Тамашаның" сахнасына алып шығып, басқаша қырынан танытты. Бірақ бұл әннің кімге арналғаны шамамен 20 жылдан кейін ғана ашық айтыла бастады", - деді желтоқсаншы.

Рамазан Тайманов 2004 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ретінде облыстық телеарнаға сұхбат беріп, ол кейін республикалық арнадан көрсетілген. Мұны Халық қаһарманы Қасым Қайсенов көріп, Ләззат Асанованың өліміне куәгерлерді іздеп жүрген Мұхтар Шахановқа хабарлапты.

"Мұхтар ағаның шақыруымен Алматыға жетіп, "Ләззат Асанова Желтоқ­сан көтерілісіне қатысқан жоқ" дегендерге қарсы сотта куәлік еттім. Ләззаттың анасы Алтынай қызының жатақхана балконынан құлағанын естіп, көңіліндегі күмән сейілгендей болды. Кейін ол кісінің шақыруымен Ләззаттың туғанына 50 жыл толуына орай Алматыда өткен асқа қатыстым. Көп ұзамай өзі де қаһарман қызының артынан о дүниеге аттанып кете барды",  - деді кейіпкеріміз.

Композитор танымал әннің құрметіне туып-өскен жері - Қызылордада қазақ қыздарына рух беретін белгі қойылса деген тілегін жеткізді.

Авторы: Назерке Саниязова

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан