Жетісу облысында жан-жануарлардың басын ағаштан жасап, оған мүйіз орнатып, қабырғаға ілетін ерекше туынды жасайтын шебер тұрады. Мақсат Досатаев бұл өнерін бастапқыда көңіл қалауы ретінде жасаған. Ал қазір бар білгенін оқушыларға үйретіп, оларды ұлттық өнерге баулып жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Мақсат Досатаев таутекенің бас мүсінін екі аптада жасап шыққан. Шығармашылығына ерік берген шебер артынша арқар сынды өзге де жануарларды ағаштан ойды.
"Өзім бірнәрсе жасайын десеп екі үш күн оқталып жүремін. Әйтеуір бір шабыт келеді, сол кезде бас салып содан нәтиже шығаруға тырысамын. Ағашпен жұмыс жасағанда өзім бір ләззат аламын", - дейді ол.
Бастапқыда шебер бұндай бұйымдарды өз үйінде жасаған. Кейін туындылары аудандық, қалалық, облыстық, көрмелерге қойылады. Сол кезде білім бөлімінің басшылығы өнер мектебінде сабақ беру туралы ұсыныс білдірген. Содан бергі 12 жылда ол алғашқы әскери дайындық пәнімен қатар балаларды қолөнерге баулып келеді. Ұстаздың оншақты оқушысы бар. Сардар Жақыпбек сынды шәкірттері ағашпен қатар ермексазбен жұмыс істеуді меңгерген. Ол суреттегі кейіпкерлерін айнытпай жасайды.
"Ермексазбен жұмыс жасаған өте пайдалы деп ойлаймын. Себебі бұны жасаған кезде аса сабырлық керек. Ермексазбен жасаған адам жұмысқа ұқыпты қарайды", - дейді шәкірті Сардар Жақыпбек.
Елуді еңсерген Мақсат Досатаев алты баланың әкесі. Ұлы Ерқанат әке жолын жалғастырып келеді.
"Мен бала кезден бастап әкемнің жасап жүргенін көріп қызықтым. Осы күнге дейін жиырма мүсіндей жасап болып қалдым. Мен әртүрлі мүсін жасағам, жылан, түйе, елік. Ал қазір мен қымыз құятын ожау жасап жатырмын. Үш-төрт сағатта бұл жұмыс бітіп қаладыы", - дейді ұлы Ерқанат Мақсатұлы.
Оныншы сыныптың оқушылары келесі жылы мектепті тәмәмдаған соң білім қуып қалаға кетеді. Ал қолөнер шебері жеткіншектердің келесі легін қабалдап оларға да сан ғасырдан бері жалғасқан ұлттық өнерді үйретуге кіріседі.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз