Лазерлік эпиляция: денедегі шаштан арыламын деп ауруды өршітіп алмаңыз

Лазерлік эпиляция: денедегі шаштан арыламын деп ауруды өршітіп алмаңыз
Фото: mediostar.ua

Әйел заты үшін денедегі шаш нағыз проблемаға айналды. Нәзік жандылар терінің тегіс болуына қатты мән беріп, соған жету үшін барлық амал-тәсілді қолданады. Қант пастасымен, депилятор жолақтарымен, креммен және лазерлік эпиляция арқылы шаштан арылуға болады. Бұлардың ішінен мол сұранысқа ие әрі тиімді жолы - лазерлік эпиляция, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Лазерлік эпиляция - шашты ұзақ уақытқа кетіруге арналған аппараттық косметология әдісі. Орташа есеппен алғанда 6 мен 12 процедурадан кейін нәтижеге қол жеткізуге болады. Лазердің жарық толқындары әсерінен шаш фолликуласында кездесетін меланин пигменті және капиллярдағы гемоглобин қызады. Нәтижесінде шаш фолликуласы жойылады.

Әлеуметтік желіде лазерлік эпиляцияға қыз баласын қызықтырар жарнамалар жиі кездеседі. Бірақ әрбірінің ойында "бұл зиян ба" деген күдік жүреді. Лазерлік эпиляцияның пайдасы тегіс, жұмсақ теріге қол жеткізу болса, зияны да жоқ емес.

Косметологтардың айтуынша, бұл процедураның сәтті болуы аппараттың сапасына және мамандардың кәсібилігіне байланысты әрі біраз дайындықты қажет етеді. Нақтырақ айтсақ, алдымен керек сараптамаларды жасап, тексерістен өту керек. Мына көрсетілген ауру атаулары лазерлік эпиляцияға қарсы көрсеткіштер:

- Онкология, қан лейкозы.
- Туберкулез, эпилепсис.
- Қатерлі ісіктер.
- Фотодерматоз (күн аллергиясы).
- Мең мен қалдың көптігі.
- Қант диабеті (1 және 2 дәрежелі рұқсат етілген)
- Жүктілік және лактация кезеңі 6 айға дейін.
- Дерматологиялық аурулар (псориазбен,келоидты тыртықтармен).
- Миома, киста.
- Варикоз тамырлары (күрделі түрінде).
- Мастопатия.

Сондай-ақ, мамандар алдын ала тексерілмеген жағдайда ағзадағы ауру асқынып кететінін ескертті. Сапасы төмен әрі терең сәулелі аппаратпен жасалған эпиляция процедурасы сәтсіз аяқталуы әбден мүмкін. Сондықтан жеңілдік ұсынған кез келген сән студиясына барудың орнына маманның тәжірибиесімен, басқалардың пікірімен кеңескен абзал.

Аружан Ербатырова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget