Қытайлық IBM кез келген жерде виртуалды экран және сенсорлы пернетақтамен қамтамасыз ете алатын лазерлі проекторы бар смартфон жасап шығарды. Расында әлемдік нарықта аналогиялық функцияға ие смартфондар бар. Айта кетсек, Samsung Galaxy Beam «ақылды» телефонын проектордың орнына қолдануға болады. Дегенмен оңтүстік корейлік смартфонның жаңа функциясы тек дисплейді үлкен экранға ауыстыра алады. Ал Lenovo компаниясының гаджеті әмбебап үлгімен жабдықталып отыр.
Lenovo Smart Cast деп аталатын смартфон тачскриннің жобасын виртуалды кеңістікке толығымен өзгерте алады. Айта кетсек, қарапайым компьютер пернетақтасының виртуалды нұсқасын үстелдің үстіне шығарып, жұмысыңызбен айналыса беруіңізге болады. Мобильді нарықтағы жаңа технологиялық функцияларды әртүрлі ойында да қолдана аласыз. Төмендегі видео арқылы смартфонның мүмкіндіктерімен толықтай танысыңыз.
Инновациялық смартфон Қытайдың астанасы Бейжіңде өткен TechWorld көрме-конференциясында ресми түрде таныстырылды. Аталған іс-шараға Microsoft басшысы Сатья Наделла, Intel компаниясының бас директоры Брайан Кржанич (Brian Krzanich) және Lenovo жетекшісі Ян Юаньцин (Yang Yuanqing) сынды IT-нарықтағы белгілі тұлғалар қатысты.
Қазіргі кезде әлемдегі ең көп сатылатын компьютерлер Lenovo компаниясының өнімі екені белгілі. Ендеше қытайлық IBM компьютерлер нарығымен қатар, мобильді нарықты да жаулап алуды көздеп отыр. Айта кетсек, 2014 жылы компания Google корпорациясынан Motorola брендін сатып алды. Бұл Lenovo-ны әлемдегі үшінші смартфон өндіруші компанияға айналдырды.
Қытайлық компания TechWorld халықаралық көрмесінде Smart Cast смартфонынан бөлек қосалқы экраны бар смарт-сағатын таныстырды. Дегенмен, Magic View атауына ие «ақылды» гаджеттің әзірге прототибі ғана көрсетілді.