Танымал психолог Индира Әшім қазір жастардың неге үйленуге асықпайтынын айтып, қоғамда жалғыздық синдромының пайда болу себептерін атап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазір әлемде танысу және қарым-қатынас құру мүмкіндіктерінің көп болуына қарамастан жастар "лайықты жігіт жоқ", "лайықты қыз таба алмай жатырмын" деп жиі айтады. "Біз" бағдарламасының жүргізушісі Гүлмира Жакилинаның айтуынша, бұл құбылыс "жалғыздық синдромы" деп аталады екен. Бағдарламаның кезекті түсірілімінде жүргізуші "Бойдақтар синдромы" дегеніміз не және оның белгілері қандай деген сұраққа жауап іздеп көрді.
"Жалпы бойдақтар синдромы психологиялық-әлеуметтік термин, медицинада бекітілмеген. Оның белгілері адам ұзақ уақыт тұрмыс құрудан, үйленуден қашып, жалғыздықты қалайды. Ондай адамдар етене тығыз, жақын қарым-қатынас құрмауға тырысады, әлеуметтік ортада басқа адамдармен қарым-қатынас құрудан қорқады, отбасы құрудан, жауапкершілік алудан қашады. Кейде тіпті өз жұмыстарын интровертті түрде жасап жүре бергенді дұрыс көреді. Осындай белгілеріне қарап адамның жалғыздық синдромында жүргенін байқауға болады", - дейді психолог Индира Әшім.
Психологтың айтуынша, адамның мұндай синдромға шалдығуына оның отбасы, балалық шағы басты себеп болуы мүмкін.
"Мұндай синдромға адам қалай келеді дейсіз ғой? Себебі әртүрлі. Көбінесе отбасына байланысты. "Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" демекші, отбасында кикілжің болғанда немесе адамның өзін-өзі бағалауы төмен болған жағдайда адам ашылып, қоғамға жар салып "сенімен қарым-қатынасқа түскім келеді", "кел, үйленейік" немесе "жүр, танысайық" деп айта алмайды, ішінде комплексі болады. Сондықтан іштегі комплекстерді жеңбейінше адам жалғыздық синдромында жүре береді", - дейді маман.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз