Өзбекстанда имамдарға әлеуметтік желіге шығуға тыйым салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Азаттық радиосына" сілтеме жасап.
Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы имамдарға әлеуметтік желілерге шығуға шектеу қойды. Мұның алдында кейбір имам желідегі сөзі үшін дауға қалған-ды. Бұл жөніне Азаттықтың Өзбек қызметі жазды.
27 мамырда Өзбекстан мешіттеріндегі имамдар әлеуметтік желілерге кірмеу және ондағы жазбаларға "лайк" баспау туралы ескерту алған.Ташкент қаласы бас имамының көмекшісі Эргаш Рустамовтың Telegram-да аудандардың бас имамдарына жіберген аудиосы тарады. Онда Рустамов имамдардың желідегі сөздері қатаң бақылауда екенін айтқан.
"Сәлеметізде ме, құрметті аудан бас имамдары! Біздің келесі тапсырмамыз - әлеуметтік желілерге кірмеу. Мұны қатаң түрде бақылаймыз. Қажыға баратындарға да мұның қатысы бар… Әлеуметтік желіде кез келген тақырыпқа "лайк" қоюға болмайды", – деді Рустамов.
Имамдар діни басқарма шешімін олардың қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту деп санайды.
Өз аты-жөнін айтқысы келмеген Ташкент имамы әлеуметтік желілерге имамдардың шығуын шектеу – ар-ождан бостандығы туралы заңға қайшы деп есептейді.
"Олар мұны мүфтидің бұйрығы дейді. Қол-аяғымызды байлап жатыр", – деді ташкенттік имам.
Бұған дейін Өзбекстанда мешіт имамдары мен олардың орынбасарлары жеке паспортын елдегі мұсылмандар діни басқармасы өкілдеріне өткізсін деген пәрмен түскені жөнінде хабар тараған. Мұның себебін имамдардың шетелге кетуіне жол бермеу деп түсіндірді.
"Кейінгі күндері имамдарға қатты қысым көрсетіп жатыр. Билік кейбір имам елден кетіп қала ма деп алаңдайды", – деді Азаттық радиосының Өзбек қызметі (Озодлик) сөйлескен адам.
Өзбекстан Конституциясына сәйкес, дін мемлекеттен бөлек. Діни ұйымдар мен конфессиялар қызметі Өзбекстанның "Ар-ождан бостандығы және діни ұйымдар туралы" заңымен реттеледі.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз