Шымкенттегі Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері әлеуметтік желіде басшылықтың әрекетіне шағымданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Facebook желісіндегі жазбаға сүйенсек, қызметкерлер орталықтың әлеуметтік желідегі жазбаларына лайк баспаса, жазбаша сөгіс, сондай-ақ, ауызша ескерту алады екен. Шымкент әкімдігі өкілдері бұл дауды "ішкі мәселе" деп атады.
"Бұл – жұмыс барысында туындаған ішкі мәселе. Мұндай жағдайларды әдетте жұмыс тәртібімен, сабырмен шешуге болар еді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір тренд басқа, алдымен әлеуметтік желіде шу көтеріп, кейін барып мәселені талқылау. Онымен қоса көп жағдайда кім бірінші айқайласа, сол адамдікі "дұрыс" болып шығады. Алайда практикада бәрі олай бола бермейді", - деді Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова.
Дегенмен Жұмағұлова бұл жағдай бойынша Жастар ресурстық орталығының басшысы шектен шыққанын мойындаған.
"Қызметкерлерді лайк (лүпіл) басуға мәжбүрлеу дұрыс емес. Егер шынымен әлеуметтік желідегі белсенділік маңызды болса, басымдықты жақсы контент жасауға бағыттаған жөн. Сонда лайк (лүпіл) та, қолдау да өздігінен келеді. Осыған байланысты орталық басшысына тәртіптік шара қолдану туралы шешім қабылданды", - деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова