Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс бойынша негізгі сот талқылауы басталды. Айыпталушы Ернар Жиембай шенеунікке жасалған қастандықтың себебін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
6 тамызда негізгі сот талқылауы айыпталушыдан жауап алудан басталды. Ернар Жиембайдың айтуынша, оқиғаның себебі жұмыс бойынша келіспеушілік емес, қызғаныш болған.
"Мұны қоғам, халық естігенін қалаймын. Бұл жұмысқа байланысты емес. Барлығы қызғаныш себебінен болды", - деді Жиембай.
Жауап алу кезінде Ернар Жиембай отбасы туралы айтып, болған оқиға бойынша әлеуметтік желілерде тараған қауесетті жоққа шығаруға тырысты.
"Алтыншы сыныптан бастап бірге оқыдық, менің адал жұбайым, сүйікті әйелім. Оның біреумен сөйлескенін ешқашан көрген емеспін. Текті отбасынан шыққан тәрбиелі қыз", - деді ол.
Оның сөзінше, үлкен ұлдарына аутизм диагнозы қойылған. Ерлі-зайыпты осындай диагноз қойылған бала тәрбиелеп отырған отбасымен бір көшеде тұрған. Жиембайдың айтуынша, бұл отбасы Руслан Берденовтің туыстары болған, оның жұбайы олармен жиі араласқан, бірге балаларын дамыту сабақтарына апарған.
"Әйелім Берденовпен отырыстарда бірге болған", - деді ол.
Жиембайдың айтуынша, біраз уақыттан кейін жұбайының телефонына Руслан Берденовтен хабарлама келген.
"Әйелімнің телефонына қарасам, Руслан Берденов оған лайк басып, "әдемісің" деп жазған. Менде артық ой болған жоқ. Мұндай сөздерді өз әпкелеріме де айтамын", - деді ол.
Оның сөзінше, оқиғадан бір күн бұрын Берденовпен кездесуге дайындалып, жұбайынан киім дайындауды сұраған. Алайда үйге оралғанда ол жұбайы бұған үлгермегенін және көйлектің шеті күйіп қалғанын көрген.
"Кешігіп жаттым. Осы кезде ол маған Руслан Берденов қалай киінетінін айта бастады. Оған 5 миллионның костюмдері ұнайды екен. Менің ойымша, бұл да себептердің бірі болды (қастандық жасауға - еск.)", - деді Жиембай сотта.
Айта кетейік, міндетті түрде келуі қажет екеніне қарамастан, Руслан Берденов сотқа келген жоқ. Сот отырысы кезінде оның өкілі жәбірленуші емделіп жатқанын мәлімдеді. Сот мемлекеттік тілде ашық режимде өтіп жатыр.
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Кейінірек күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мамырда Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов шабуылдан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады.
Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!