- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Лас, сынық ыдыстар...
Лас, сынық ыдыстар қолданған: Атыраудағы мектеп асханаларынан бірнеше кемшілік анықталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәлім етуінше, тексеру барысында бірнеше кемшіліктер анықталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі AtyrauPress-ке сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы сарапшыларды тарта отырып, №3, №16, №33 және №35 мектеп асханаларында оқушыларға тегін берілетін тамақтануды қамтамасыз ету және ұйымдастыру бойынша мониторинг жүргізген.
"Ет өнімдерінің қауіпсіздігін растайтын, оның ішінде техникалық регламенттерде көзделген сәйкестікті бағалау (растау) туралы құжаттар болмаған; нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейтін азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздік құжаттары өндірушінің қолымен және мөрімен расталмаған; желдету жүйесін тазартуға және дезинфекциялауға шарт жасалмаған; эмалі зақымдалған лас ыдыстарды қолдануға рұқсат етілген; шикі мұздатылған ет пен дайын ет бір тоңазытқышта сақталған және өндірістік бақылау бағдарламасы әзірленбеген", - деді баспасөз қызметіндегілер.
Сонымен қатар, асхана қызметкерлері тамақ мөлшерін азайтқан. Мәселен, 60 грамм сүзбе пісірмесі берілуі керек болса, ол көзбен ғана өлшенгендіктен 48 грамды құрады. Нан өнімдері де осылай таратылған.
Әсіресе, №16 мектепте табылған ақ түсті ұнтақ күмән тудырады. Оның сыртында "аскорбин қышқылы" деген жазуы бар және құжаты қытай тілінде жазылған. Бұл - санитарлық нормалар мен заңнамаға қайшы келіп қана қоймай, балалардың денсаулығына қауіп төндіреді. Балалардың көбі ұсынылған тағамдарды түгел жемейді. Қалған тамақ жуынды болып қалуда.
"Айта кету керек, жалпы, кондитерлік және нан өнімдерінің бағасы облыстың барлық мектептерінде бірдей, бірақ салмағы әртүрлі. Мысалы, № 33 мектепте - 130 грамм пица 250 теңге тұрады, ал № 35 мектепте бұл сомаға тек 100 грамм пицца сатып алуға болады. Жалпы, мектеп асханаларындағы бағалардың қымбаттығы ата-аналардың қалтасын қағып жатыр деп айтуға болады. Кейбір мектептерде 1 отбасының бірнеше баласы оқиды. Тиісінше, мұндай отбасыларда күніне жұмсалатын шығындар 1000 теңгеден асады. Ал мектеп асханаларының орташа бағасы 250 теңгені құрайды. Сонымен қатар, нан өнімдері мен тәтті шырындарды сату балалардың денсаулығы мен болашағына теріс әсер етеді", - деді баспасөз қызметіндегілер.
Бұдан басқа, оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру Қағидаларының 105-бабына сәйкес білім беруді басқару органдары мен орта білім беру ұйымдары интернет-ресурста білім алушылардың мектеп асханасында тамақтануы туралы ата-аналарды хабардар ету үшін функционалдылықты көздейтін, оның ішінде перспективалық мәзірді, жұмыс жоспарын, тамақтану сапасының мониторингі жөніндегі комиссиялардың актілерін, сондай-ақ 106-бапқа сәйкес мәзірді асханада және білім алушылардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне қолжетімді жерде орналастыру керек.
Алайда, мектептің ақпараттық ресурстарында мониторингі барысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығының жоғарыда көрсетілген талаптары орындалмайтыны анықталды.
Мониторинг нәтижелері бойынша тиісті органдарға анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсынымдар жолданды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы