Алматыда қоғамдық көліктер мәселесі өзекті. Әсіресе, кептеліс кезінде жолаушылар тым көптігінен аялдамаларда сыймай қалып кетуі жиі қозғалып жүр. Енді алматылықтар қоғамдық көліктердің тазалығына қатысты да шағым айтып жатыр. Massaget.kz тілшісі қаладағы кейбір қоғамдық көліктерге мініп көрген еді.
Бұл - қаланың басты даңғылы Абай көшесімен жүретін 25-троллейбус орындықтарының қазіргі көрінісі. Демек, бұл көшемен қала тұрғындары да, қонақтары да жиі жүреді. Ал осы көшедегі басты көлік 25-троллейбустың сыйқы осы. Жаз мезгілінде қалаға қонақтардың жиі келетінін ескерсек, тым ұят көрініс. Оның үстіне, жазда халықтың көбірек ашық киімдерге әуес болатынын да есепке алсақ, мына орындықтарға ойланып барып отыратындайсың. Автобус бос болса да орындықтарға отырудан бас тартқан жастарды да көзіміз шалды. "Жыл он екі ай жуылмайды осы автобустар" деп наразылық танытқан жолаушыларға жауап берген көлік жүргізушісі де болмады.
Мәселеге орай қалалық әкімдіктің баспасөз бөліміне хабарластық. Жауаптылар автобустарға тазалық жұмыстары күн сайын жүргізілетінін айтты. Алайда біз көрген көрініс басқа. Мына орындықтардағы кірдің бір күнде жиналмағаны анық.
Келесі нысанамызға ілінген 59-автобус болды. Терезелердегі айғыздан сыртқы дүние мүлдем көрінбейді. Қоғамдық көліктің терезелері көбік шашылған күйі сумен шайылмай жолға шыққаны анық көрініп тұр. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарын мүлдем сыйламау ғой?! Қоғамдық көліктің барлық терезесінен түк көрінбейді. Тіпті автобус жүргізушісінің сол жақ бүйір әйнегі де бұлыңғыр.
Мұндай жауапсыздықтың арты апатқа әкелуі әбден мүмкін ғой.
Бұл қоғамдық көліктің жүргізуші бұл оның жұмысы емес екенін айтты.
"Мен тек рөліме жауап беремін. Ал автобустардағы басқа мәселелерге мойшик (көлік жуатын маман), механик сияқты басқа мамандар жауапты. Тіпті мына "Оңайдың" аппаратымен де шаруам жоқ. Қоғамдық көлік №3 паркке қарайды", - деп жауап берді ол.