Президент лаңкестік қауіп-қатерлер тағы да алғы шепке шыққанын айтты , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
"ЕКІНШІ. Біз жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына куә болып отырмыз.
Радикалды идеологияны дәріптеу және ксенофобия отын тұтату үшін халықаралық тұрақсыздықты пайдаланып қалғысы келетіндердің әрекеті анық көрінуде. Кейбір мемлекеттердің геостратегиялық амбициясынан этнодіни астар іздеуге тырысатындардың, тіпті, оны өркениетаралық қақтығыс ретінде көрсеткісі келетіндердің үні қатты шыға бастады. Соның салдарынан қазір әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатқаны байқалып отыр.
Лаңкестік қауіп-қатерлер тағы да алғы шепке шықты. Таяуда Мәскеу іргесінде жұртты қанға бөктірген лаңкестік оқиға жүрегімізге өте ауыр тиді. Көптеген азаматтар қайғылы оқиғаның құрбандарына жанашырлық, тілеулестік танытып, Ресейдің Қазақстандағы елшілігі мен консулдығы ғимараттарының алдына гүл шоқтарын қойды. Әлемнің барлық дерлік елдері осындай көрініске куә болды.
Қазақстан халықаралық құқықты және гуманистік идеалдарды берік ұстанатын ел ретінде алғашқылардың бірі болып Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттерді бейбіт халыққа жасалған сұмдық қатыгез әрекетті айыптауға шақырды. Барша адамзат өзара диалог орнатып, күш біріктіру арқылы ғана халықаралық қатынас саласындағы күйреу мен ыдырау үрдісіне төтеп береді, берекесіздік пен сенімсіздікті еңсере алады"
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!