Қызылордалық прокурорлар балаларға арналған жазғы тынығу лагерьлеріндегі былықтың бетін ашты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шиелі ауданының лагерінде азық-түлік ескі дәретхана бөлмесінде сақталған. Бұл лагерьде жуынатын жер де жоқ болып шыққан.
Қазалылық балалар суы лас бассейнде шомылып келген. Одан бөлек, микробиологиялық зерттеу нәтижесінде асхана ыдысынан ішек таяқшасы табылды.
"Сырдария ауданындағы лагерьде төсек-орын жабдықтары дезинфекцияланбаған. Басқа да санитариялық-эпидемиологиялық нормалар сақталмаған. Лагерьлер жақсы күйде емес. Ғимараттары ескі, кейбіреулері күрделі жөндеуді қажет етеді", - делінген облыстық прокуратура хабарламасында.
Айта кетейік, биыл осындай демалыс орындарына баруы керек 8 мыңға жуық баланың 4,5 мыңдайы әлі кезегін күтіп жүр екен.
Еске салайық, бұған дейін де әлеуметтік желіде алматылық мектеп оқушылары балалар лагеріне тегін жолдамалар алғаны, бірақ сауна ғимаратына орналастырылғаны туралы хабар тарады.
Бұл туралы мектеп оқушыларының бірінің туысы Инка Рокеровна Facebook-парақшасында бөлісті. Оқиға Алматы облысы Ұзынағаш ауылында болған. Мұнда жазғы демалысты демалыс орнында өткізу үшін Алматыдан ондаған бала әкелінген. Алайда мектеп оқушылары жайлы жағдайдың орнына тар, желдетілмейтін бөлмелерге орналасқан. Сонымен қатар, лагерь сауна ішінде орналасқан, сыртында өзге ер адамдар жүрген.
Артынша Алматының Білім басқармасы лагерьмен соттасатыны белгілі болды. Сонымен қатар, депутат Нұргүл Тау Алматыдағы сауна ғимаратында орналасқан лагерьге мемлекеттен 107,8 миллион теңге бөлінгенін анықтады.
Сондай-ақ, кейінірек Алматы облысындағы тағы бір лагерь де жұрттың ашуына тиген еді.
Назерке Саниязова
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз