Павлодар облысында зейнеткер алаяққа 13 миллион теңгесін беріп қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
3 маусымда түстен кейін бейтаныс ер адам 90 жастағы зейнеткердің қалалық телефонына қоңырау шалып, "Қызыңыз апатқа ұшырап, адам қағып кетті. Қызыңыз әртүрлі жарақаттармен ауруханада жатыр. Оны қылмыстық жауапкершілікке тартпау туралы мәселені шешу үшін сіз ақша аударуыңыз керек" деп хабарласты. Олар қаражатты Руслан есімді жігіт алып кететінін айтқан. Біраз уақыттан кейін зейнеткердің үй телефонына қобалжыған дауыспен "Апатқа ұшырадым, маған шұғыл түрде 20 млн теңге көлемінде ақша керек" деген қызының дауысына ұқсас әйел хабарласқан. Зейнеткер қоңырау шалған адамның дауысын ажырата алмай, қызының шынымен қиын жағдайға тап болғанына сеніп қалған.
"Зейнеткер жинақтары мен зейнетақысынан 13 миллион теңге сомасында қаражатты жинаған. Көп ұзамай олар есікке қоңырау шалды, бейтаныс адам кіріп, өзін Русланмын деп таныстырды. Ақшаны санап, алып кеткен. Қазіргі уақытта белгісіз тұлғалардың жеке басын және орналасқан жерін анықтауға жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Павлодар облысының жеке құрамы бағдарланған", - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция бастығы Балғабай Қапаров.
Жыл басынан бері жалпы Павлодардың тоғыз тұрғыны 25 миллион теңге қаражатын дәл осындай схема бойынша алаяқтарға берген. Барлық факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!