- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қызын мас әкесінен...
Қызын мас әкесінен қорғамақ болған зейнеткер әйел сотталды
Өзбекстанда қызын мас әкесінен қорғаған зейнеткер әйел отбасындағы зорлық-зомбылық үшін сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Podrobno.uz-ға сілтеме жасап.
Бұл туралы ақпарат зорлық-зомбылыққа қарсы Nemolchi.Uz-да жарияланған.
Бұл оқиға 2023 жылғы 7 маусымда Ташкент облысының Чиназ ауданында болған. Фаррух (аты-жөні өзгертілген - еск.) үйіне мас болып келген. Үйде оның зейнеткер әйелі, ересек қызы мен үш немересі болған. Бұрын балалары бар қызы күйеуімен бірге тұрған, бірақ күйеуі коронавирустан қайтыс болғаннан кейін ол ата-анасының қасына оралған.
Қызын көрген Фаррух оны үйден қуып, "кетсін" деп айғайлап, одан кейін балағат сөздер айтқан. Анасы қызын жақтаған, бұл Фаррухтың ашуын келтірген. Ол әйелін ұрып, оны теуіп тастаған. Әйелі одан қорғанбақ болып швабрамен қолы мен басынан ұрып жіберген, соққы салдарынан ер адамның басына велосипед құлап кеткен.
Қызы бұл оқиғаны растады. Ол қорқып, балалармен бірге көшеге жүгіріп шыққанын айтты. Әйелдердің айтуынша, әкесі үйге бірнеше рет мас болып келіп, жанжал шығарған.
Сотта ер адам сол күні ішімдік ішіп, қызын үйден шығаруды бұйырғанын, ал әйелі жанжал шығарып, аулада жатқан темір құбырмен оның қолы мен басынан ұрғанын айтты. Соққыдан кейін қолы ауырып, екінші күні медициналық мекемеге барып, қолына гипс салғанын айтты.
Сотта зейнеткер әйел кінәсін мойындап, күйеуінің басқа әйел тауып алғанын, онымен арақ ішіп, үйге келген соң жанжал шығаратынын айтты. Сотта әйел жанжалға күйеуінің себепкер болғанын ескеруді сұраған.
Ер адам тек мереке күндері ғана ішетінін, бұдан кейін былай жанжал шығармайтынын айтты. Сондай-ақ, қолына операция жасау үшін 8 миллион сом (305 850 теңге) қажетін, егер әйелі емделуге кететін шығынды төлейтін болса, оны кешіріп, арызын қайтарып алатынын айтты.
2023 жылғы 21 маусымда Чиназ аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты әйелді отбасында зорлық-зомбылық жасағаны үшін және жұбайына ерекше қатыгездік жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Әйелге сағат 22.00-ден 06.00-ге дейін тұрғылықты жерінен кетуге, қадағалау органының келісімінсіз тұрғылықты жерін өзгертуге, қоғамдық және өзге де іс-шараларға қатысуға, заң бұзуға бейім адамдармен қарым-қатынасқа түсуге тыйым салып, үш жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Фаррухқа қатысты іс қозғалған жоқ, ол өз әрекеті үшін жазаланбады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек