- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қызымның соңғы азапты...
"Қызымның соңғы азапты сәтін ешқашан ұмыта алмаймын" - Атырауда ескерткіш басып қалған қыздың әкесі
Атырауда 7 жасар баланы ескерткіш басып қалған болатын. Марқұм Айарудың әкесі Жеңіс саябағында жантүршігерлік оқиға қалай болғанын баяндап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Атырау онлайн" Telegram-арнасына сілтеме жасап.
"Сол күні кешке 25 маусымда сағат 21:30 шамасында мен, ұлым Хамза және қызым Айару Жеңіс саябағында серуендеп жүрдік. Қызым екеуміз велосипедті жалға алдық, ал ұлым өзінің кішкентай велосипедін тепті, біз саябақтың түп жағына беттеп кеттік. Кенет бұлт қаптап, жаңбыр жауды. Алдымен ағаштың түбіне тығылдық. Кейін қызым тоңа бастады, мен футболкамды шешіп, үстіне кигіздім. Бірақ малмандай су болдық, қызым суықтан дірілдей бастады, мен оны көтеріп алып, ал ұлыма соңымнан еруін өтініп, саябақтың қақпасына қарай бет алдық. Шамамен 50 метр қалғанда қатты жел көтеріліп, ауыр заттар ұшып кете бастады, ескерткіштердің бірінің артына тығылуды шештік. Желдің қатты болғаны соншалық, биік ағаштар майыса бастады. Кенет мен арқамнан қатты соққы сезіндім. Көзім қарауытып, өліп бара жатырмын деп ойладым, дұға оқи бастадым. Бірақ кенеттен "әке" деп айқайлаған қызымның дауысын естідім, кейін өзіме келдім, білмеймін, Алла маған күш берді. Ол мені оятып, өзі көзін жұмды. Қарасам, үшеуіміз үлкен тастың астында жатырмыз. Ұлымның басы мен қолы қысылып қалған. Ал қызым менің астымда. Менің денемнің 85 пайызы ескерткіш астында", - деді ол.
Марқұм қыздың әкесінің айтуынша, кейін бір жігіт оларға көмекке келген.
"Осы кезде бізді бір жігіт байқап, тасты көтеруге тырысты, бірақ салмағы 1 тонна ескерткішті орнынан жылжыта алмады. Содан кейін ол жүгіріп барып, тағы екі адамды көмекке шақырды. Үшеуі тек ұлымның қолын босата алды. Олар тағы да көмек шақырды, біз тастың астында тағы 7-8 минут жатып қалдық. Қызыма көмектесе алмайтынымды түсініп, жүрегім қысылды. Қызымның соңғы азапты сәттерін ешқашан ұмыта алмаймын. Тағы бірнеше ер адам келді, сол кезде ескерткіш қозғала бастады. Мен де оны өзімнен көтеруге тырыстым. Балалардың жағдайы өте ауыр болды, екі жігіт оларды көтеріп, облыстық балалар ауруханасына өз бетінше апарды. Бас жарақатының салдарынан ұлым тілін тістеп алған, беті қан, бір қолында екі жерде сынық болды. Менің кеуде омыртқам мен бір қабырғам сынған. Бір қолым жұмыс істемейді, екі тіземде де гематома, жүре алмаймын, дем ала алмаймын. Дәрігерлердің айтуынша, қызым бірнеше рет жарақат алған, жамбас сүйектері сынған, ішкі органдары жарылған және ішкі қан кеткен соң көз жұмған", - деді балалардың әкесі Айдос Сабыров.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда 7 жасар балаға ескерткіш құлап, көз жұмғаны хабарланды. Оқиғаға қатысты қала әкімі де пікір білдірді.
"Естелік аллеясында" батырлар мүсіні кәсіпкерлер мен демеушілер қаржысына орнатылған еді. Орал қаласында жасалған. Мемлекет ешқандай қаражат жұмсамады. Мен де тәжірибелі құрылысшы болғандықтан, мұндай салмақты мүсіннің қалай құлап кеткені өзіме де жұмбақ болып отыр. Ол желдің әсерінен құлады деп ойламаймын. Анық-қанығын тексеріп жатырмыз" - дейді Шәкір Кейкин.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек