Қонаев тұрғыны жиенін күйеу баласы Шешенстанға алып кеткенін айтып шағымданды. Оның сөзінше, бір жыл бойы жиенін көрмеген. Бұл мәселе "Көреміз" бағдарламасында көтерілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ботагөз Гәбілбаева - Қонаев тұрғыны. Оның айтуынша, қызы Әлиям мен күйеу баласы Аинди 2016 жылы үйленген. Олар Алматыда студент кезінде танысқан. Осылайша, 2017 жылы Әмина атты жиені дүниеге келген. Қызы мен күйеу баласы 2,5 жыл бірге тұрған. Ал 2019 жылы олар ажырасып кеткен.
"Мәскеуге кетемін, жұмыс іздеймін. Жұмыс тапқаннан кейін балам мен әйелімді алып кетемін" деп кетті. Одан кейін хабарласып тұрды. Жиенім телефонмен сөйлесіп тұрды. Біз күйеу баланың әкесімен, құдамен сөйлесіп жүрдік. Ол "кішкентай немеремізді жіберсеңіздер, біз көрсек, мен ауырып жүрмін" деді. Ол кісі қазір марқұм болып кетті. "Жарайды, күйеу бала келсін, 2-3 ай бола тұрсын" деп, адам сияқты жібердік. Күйеу бала келді", - дейді Ботагөз Гәбілбаева.
Алайда күйеу баласы келіп, баланы 6 айға алып кетуді өтінген. Олар келіскен. Бірақ Ботагөз Гәбілбаева келісім орындалмағанын жеткізді. Оның сөзінше, тіпті олар үйленген кезде де қызын келін ретінде қабылдамапты. Той да болмаған, мұсылманша некесін қиған. Алайда немерелері 1 жасқа толғанда, құдалары келіп танысыпты. Сондай-ақ, олар баласы жұмыс істеп, әйелі мен баласын алып кететінін айтқан. Бірақ кейін тек жиенін алып кеткен.
"Заң жүзінде бәрін (баланы алып кетуге рұқсат - еск.) жазып бердік. Қазір мерзімі өтті", - деді Ботагөз Гәбілбаева.
Келіскен мерзім 6 ай өткен. Ал Ботагөз Гәбілбаеваның қызы, Әминаның анасы Әлиям Грузияда жұмыс істейді. Сол кезде ол Грозныйға барып, қызын көрген. Оның айтуынша, бала барған күннен қайнағасының үйінде тұрған. Яғни әкесімен бірге болмаған.
"Күйеуім Мәскеуге жұмыс істеуге кеткен. Қызымды ағасына тастап кетті. Оған ағасының әйелі қараған. Ол жаққа екі рет барып келдім. Сонда қызымды өзіме қарсы тәрбиелеп жатқанын көрдім. "Алып кетемін" дедім. Бермей жатыр. Кейінгі кездесуге 1 ай өтті. Маған баламды көрсетпейді. 1 ай болды, баламды көрген жоқпын", - деді Әлиям Мұхамадиева.
Әлиямның бұрынғы күйеуі Аинди Барзукаев 35 жаста. Ол Шешенстанда Грозныйда дүниеге келген. Сол жақта екінші рет үйленген. Ал Әлиям қызын алып кетейін дегенде Аинди желтоқсанда өзі апаратынын айтыпты.
"Ағасының балалары жоқ, қызымды соларға беріп тастады", - дейді Әлиям Мұхамадиева.
Бағдарлама мәліметінше, бала қазір Аиндидің ағасы Абди Барзукаев есімді шешен азаматының қолында. Ал Әлиямның айтуынша, ол Әминаның Қазақстан азаматтығынан бас тарту туралы құжатына қол қою қажет екенін айтқан. Алайда Әлиям қол қоймаған. Сондай-ақ, бағдарлама барысында Абди Барзукаев Әлиямның тұрғылықты үйі, жағдайы болғанда ғана қызды беретіндерін айтты.
"Барлық жерден бұғаттап тастады", - деді қызын көре алмай отырған ана.
6 жастағы Әминаны елге қайтару үшін анасы Әлиям Мәскеудегі Қазақстан елшілігіне жазған. Ал ІІМ-не барған кезде баланы алып кетуге құқықтары жоқ екені айтылған. Өйткені бұл заңбұзушылық емес екен. Сонымен қатар, баланың құжатында оның әкесі көрсетілген.
"Баланы ұрлап кетті деп байбалам сала алмайды. Өйткені ол - әкесі. Бала анасымен болуы керек деген сот шешімін алу керек. Сол сот шешімімен Ресейге барып орындата аламыз. Өйткені ол - әке", - дейді заңгер Мейірман Шекеев бұл туралы.
Бағдарлама аяғында заңгер заңды, құқықтық жағынан 6 жастағы Әминаның нағашы әжесі Ботагөз Гәбілбаева мен анасы Әлиям Мұхамадиеваға көмектесіп, қайтаруға тырысатыны айтылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!