“Қызымды қорғауға барымды саламын“. Желіде Қалдыбек Құрманәлінің мәлімдемесі пайда болды

Желіде танымал композитор Қалдыбек Құрманәлінің қызына қатысты жайтқа пікірі пайда болды. Бұл туралы журналист Гүлбану Әниятқызы жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Журналистің сөзінше, Әнару Құрманәлінің әкесі - белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлімен сөйлескен. Әнару оның 2016 жылы өмірден өткен Ақмаржан Таубаева есімді әйелінен дүниеге келген екен.

"...Балаларымен араласып, көмектесіп тұратынын айтты. Қалдыбек Құрманәлі жүрегіне ота жасатып, денсаулығына байланысты Түркістан облысына көшіп кеткен. "Қазір қызыма көмектесу үшін Алматыға келдім" дейді. "Қызым жылап келгенде бұл сорақылықты қоғам білуі керек деп, журналистермен сұхбат ұйымдастырған да өзім" деп отыр.

Қалдыбек Құрманәлі Жанқош жақтан кешірім сұрағанын, бірақ ешқандай кешірім бере алмайтынын айтты. "Қызымды қорғауға жанымды, барымды саламын" деп отыр. Әнару 28 жастағы үлкен қыз, тұлға. Жанқошпен кездескені, оған неге сенгені жайлы ештеңе айта алмаймын деді. Қоғамның буллингінен соң Әнару бірнеше рет өзіне қол жұмсамақ болыпты. Қазір депрессияда жүр дейді. Қалдыбек Құрманәлі бұл мәселеде аяғына дейін қызының қасында болатынын айтты", - деп жазды журналист.

Еске салайық, бұған дейін Жанқош Тұраров "қыз зорлады" деген ақпарат тараған болатын. Алматы Полиция департамент өкілдері бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Түскен арызға байланысты Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Кейін Жанқош Тұраровтың өзі де "қыз зорлады" деген ақпаратқа алғаш рет жауап берді

"Үш қыз өсіріп отырған әкемін. Төсектес қыз керек болса, маған зорламай-ақ келетін жағдайым бар! Қайдан шыққан жала екенін өзім де түсінбей отырмын.  Қазір мәселенің мән-жайын анықтап, кім, қандай жала тағып отырғанын анықтайтын боламын!", - деді Тұраров. 

Жанқош Жасұланұлы Тұраров - 1990 жылы 20 қарашада Жамбыл облысында туылған. Кәсіпқой боксшы. 2023 жылы наурызда IBO нұсқасы бойынша бірінші жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атанды. Жұбайы Клара Исамен үш қыз тәрбиелеп отыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!