Әнші, композитор Ұлықпан Жолдасов отбасында бәрі екінші атпен жүргенін жеткізді. Бұл туралы өнер иесі "Ұйқым келмейді" бағдарламасына берген сұхбатта айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұлықпан Жолдасовтың есімі төлқұжат алған кезде өзгеріп кетіпті. Ал қызының есімін өздері уақыт өте өзгерткенін айтты.
"Алматыға келу себебіміз де осы. Фарида кішкентай кезінде өте көп ауыратын. Менің анам айтатын: "Бұл Перизат деген ауыр ат. Перінің аты. Перідей сұлу, оның атын өзгертіңдер, Феруза деп қойыңдар" деген. Алматыға келген соң жаңағы есім есімізде жоқ. "Феруза деді ме, Фарида деді ме" деп ойланып, меніңше, Фарида деген секілді деп қойдық, сол атқа үйреттік. Негізгі аты Перизат", - дейді әнші.
Өнер иесі өзінің шын есімі Умиксат екенін айтты.
"Бұл елде жоқ, тіпті бүкіл дүниежүзінде жоқ есім. Бұл есімде ештеңе жоқ, мағынасы да жоқ. Тек әріптермен құрастыра салған. Құжатыма тапсырып, есімімді қағазға жазып кеткем. Сол жердегі орыс апай 10 күннен кейін кел деп жіберді. Енді барып төлқұжатымды алайын десем есімімді Умиксат деп жазып қойыпты, Ұлықпан емес айтайын десем орысшам жетпейді. Сонымен жарайды дедім. Уақыт өте бір имам, кітап жазатын кісіден сұрасам, маған "екі ат болып қала берсін ол сені қорғайды" деп қалды, солай екі есімім. Бірі - Умиксат, екіншісі - Ұлықпан", - дейді Ұлықпан Жолдасов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!