Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстандағы қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайдың асқынып кеткеніне алаңдаулы. Елімізде қызылша ауруы өршуіне байланысты Мassaget.kz порталының қойған сұрақтарына ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Нұршай Әзімбаева жауап берді.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Нұршай Әзімбаева © baq.kz
Қызылша ауруы жұққанын алғаш қандай белгілерден білуге болады?
Қызылшаның белгілері көбінесе жіті респираторлық аурулармен ұқсас белгілерден (температураның көтерілуі, жөтел, мұрын, жас ағуы) басталады, 4-5-күннен бастап бөртпе пайда болады.
Қызылшамен ауыратын науқас бөртпе пайда болғанға дейін 4 күн бұрын және пайда болғаннан кейін 4 күн ішінде басқаларға қауіпті. Ауру инфекцияны жұқтырғаннан кейін 7-18 күн ішінде дамиды.
Қызылшадан кейінгі асқынулар өте ауыр: энцефалит (4% дейін), пневмония (6% дейін), отит (7-9%), 3-6%-да аурудың өлімге әкелуі мүмкін.
Қызылшаны емдеудің нақты әдісі жоқ.
Қызылшаның алдын алудың жалғыз сенімді құралы - уақтылы жасалған вакцинациялау.
© unicef.org
Қызылша ауруы қандай балаларға немесе созылмалы ауруы бар адамдарға қауіпті?
Қызылша сырқаттанушылығынан қорғалудың жалғыз тиімді жолы вакцинациялау.
Қызылша кезінде инфекция көзі ауру адам, вирус ауа-тамшы жолымен беріледі және өте жоғары жұқпалылығымен ерекшеленеді.
Қызылша ауруы байланыста болған, осы инфекцияға қарсы иммундық қорғанышы жоқ адамдарға тез жұғады.
Қызылшамен ауырмағандар, екпе алмағандар немесе бір рет екпе алғандар аурудың жоғары қаупіне ұшырайды. Қызылша жасы бойынша вакцинациялауға жатпайтын 1-5 жасқа дейінгі балалар үшін ерекше қауіпті.
Сонымен қатар иммунитеті төмен, созылмалы өкпе ауруы бар адамға да қызылшаның қаупі жоғары.
Қызылша ауруына қарсы екпені мәжбүрлі түрде еге ме?
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 85-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты болатын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы міндетті профилактикалық екпелерді алуы керек.
Кодекстің 77-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтары екпеге келісім беруге немесе одан бас тартуға құқығы бар.
Профилактикалық екпе, оның ішінде қызылшаға қарсы егуі ата-аналардың немесе кәмелетке толмағандардың өзге де заңды өкілдерінің екпелерді жүргізуге ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін жүргізіледі.
Сонымен қатар, елімізде вакцинациялау мәжбүрлі емес.
Қызылша аурына қарсы екпені қайталап алуға бола ма? Мысалы, бала 12-15 айлығында және 6 жасында алған болса, кейін қайталап алса не болады?
ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы вакцинация 12-15 ай және 6 жаста жүргізіледі. Сондай-ақ, қызылшамен ауыратын адаммен байланыста болған адамдар науқас анықталған сәттен бастап алғашқы 72 сағат ішінде вакцинациялануы қажет.
Қызылшаға қарсы құрама вакцина (қызамыққа және паротитке қарсы екпе) – ҚҚП вакцинасы қолданылады. Бұл вакцина Үндістанның "Серум институт" компаниясымен шығарылады, әлемде танылған, тиімді және қауіпсіз вакцина.
Зерттеулерге сәйкес, бірінші егу кезінде – 69-81%, ал толық вакцинациядан соң 95% иммунитет қалыптасады.
Вакцинациядан кейінгі иммунитеттің ұзақтығы кем дегенде 20 жыл, кейбір мәліметтер бойынша – өмір бойы сақталады.
© kherson.net.ua
Екпеден бас тартқандардың көбеюі қызылшаның өршуіне әкеле ме?
Қызылша ауруы қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде тіркеліп отыр. Эпидемиологиялық жағдайдың асқынуына мынадай факторлар әсер етіп отыр:
біріншіден, КОВИД пандемиясы кезінде жоспарлы вакциналарды өткізіп алу;
екіншіден, ата-ананың баласына вакцина егуден бас тартуы.
Осы екі фактордың салдарынан инфекцияның таралуы темпі жоғарылап, егу жасына жетпеген (яғни, 1 жасқа дейінгі) балаларда қызылшаның тіркелуі де өзекті болып отыр.
Өкінішке қарай, республикамызда, басқа елде сияқты, екпеден бас тарту саны жыл сайын артып келеді.
2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін вакцинациялануға жататындардан 31 414 адам профилактикалық егуден бас тартты, оның ішінде 60% - жеке сенімі бойынша, 23% - діни себептер бойынша, 11,8% - вакциналарға сенімсіздік салдарынан, 5,5% - бұқаралық ақпарат құралдарындағы жағымсыз ақпарат нәтижесінен.
2022 жылы вакцина алатындар ішінен 7 145 адам бас тартты (2021 жылы – 7 255, 2020 жылы – 7 403 адам). Бұл қазіргі эпидемиологиялық жағдайға кері әсерін тигізеді.
Қызылшамен ауырғандардың 108-і вакцинацияланбаған балалар, оның ішінде вакцинациядан бас тарту себебінен – 66, медициналық қарсы көрсетілімдер – 22, егу жасына жетпеу – 20, егу мәртебесі белгісіз 21 адам ауырды.
Қызылша ауруы қазір еліміздің қай өңірлерінде өршіп тұр?
2023 жылдың басынан бастап республика бойынша 157 жағдай тіркелді:
• 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 140;
• жасөспірімдер арасында – 1;
• ересектер арасында – 16.
Қызылшаның тіркелуі КВИ пандемиясы кезінде вакцинациямен қамтудың төмендеуімен байланысты.
Сонымен қатар, инфекция басқа елдерден келген 21 адамда тіркелді:
• Мысыр – 10,
• Түркия – 4,
• Тәжікстан – 2,
• РФ – 1,
• Қырғызстан – 1,
• Сауд Арабиясы - 1.
Қызылша еліміздің 14 өңірінде тіркелді:
• Алматы қ. – 100;
• Түркістан – 15;
• Астана – 9;
• Шымкент – 6;
• Жетісу облысы – 6;
• Алматы облысы– 5;
• Ақтөбе облысы – 4;
• Атырау және Қарағанды облыстарында – 3;
• Қостанай облысы – 2;
• Ақмола, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар облыстарында – 1.
© Alamy / ТАСС
Қызылша ауруы жұққан жағдайда не істеу керек?
Қызылшаға күдікті аурудың белгілерін байқаған жағдайда: дене қызуының жоғарылауы, катаральды құбылыстар (жөтел, мұрынның, тамақтың ауыруы) және денедегі бөртпелер сияқты белгілер пайда болған жағдайда уақытылы диагностика мен емдеу және асқынуларға жол бермеу мақсатында дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Егу және аурудың алдын алу немесе аурудың ағымын жеңілдету қызылшаның ауыр түрімен ауыру қаупінен гөрі оңайырақ екенін атап өту қажет.
Қызылшамен бір рет ауырғандар кейін оны қайталап жұқтыра ма?
Қызылша ауруынан кейін өмір бойы иммунитет пайда болатынын ескерсек, қызылшаны қайта жұқтыру мүмкін емес.