Қызылша өршіп тұр: Қазақстан ауру көрсеткіші бойынша Африка елдерінің алдына түсті

Қызылша өршіп тұр: Қазақстан ауру көрсеткіші бойынша Африка елдерінің алдына түсті
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Сенатор Бибигүл Жексенбай елімізде 21 мыңнан аса адам қызылша жұқтырғанын, ауру көрсеткіші бойынша Африка елдерінің алдына шыққанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Депутаттық сауалымызға қоғамды мазалап отырған балалар мен жасөспірімдер арасындағы аса жұқпалы дерт қызылшаның шектен тыс таралуы негіз болды. АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы қызылшаның жаһандық індетіне қатысты ақпаратты жариялады. Онда Қазақстан ауру жұқтырғандар саны бойынша алғашқы үштікке енді", - деді сенатор Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде 21 мыңнан аса адам қызылша ауруын жұқтырған. Тіпті, аурудың таралу көрсеткіші бойынша Қазақстан Африка елдерімен "бәсекеге түскен".

"Бұл жұқпалы ауруға Эфиопияда 11 мың адам, Пәкістанда 8 мың адам, Конгода 6 мың адам ғана шалдықты. Тіпті, бұл жұқпалы дерт бойынша Қазақстан Африка елдерінің алдына түсті. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда вакцинация проблемасы бір сәтте пайда болмаған. Жұқпалы дерттің басты себебінің бірі екпе бағытындағы жұмыстың әлі жүйелі, жоспарлы, нәтижесі сараланып жасалмай келе жатқанында", - деді депутат.

Бибигүл Жексенбай екпе салу қызметінің сапасы төмен деген пікірде.

"Ауылдарда медициналық персонал мен құрал-жабдықтардың жетіспеуі де балаларды уақтылы вакцинациялауды қиындатып отыр. Сондай-ақ діни нанымдарға байланысты екпеден бас тартқандармен жұмыс пәрменді жүргізілмейді. Екпе жасалуы туралы мәлімет көрсеткіштер бойынша есептердің дұрыстығына күмән бар. «Қазақстан цифрландыру бойынша алға шықты» деп мақтанғанымызбен екпе салу туралы мәліметтер әлі қағазда түрінде жазылуы түсініксіз", - деді сенатор.

Ол Үкімет бұл мәселеге жылдар бойы немқұрайлы қарағанын атап өтті. Сонымен қатар Бибигүл Жексенбай проблеманы шешуге қатысты бірқатар ұсынысын айтты.

"Ең алдымен жағдайды жақсарту үшін қоғамда вакцинацияның маңызы мен қауіпсіздігі туралы ақпараттық жұмысты күшейту қажет. Екіншіден, еліміздің барлық аймағында жоғары сапалы вакциналар мен денсаулық сақтау қызметтерін кедергісіз алуды қамтамасыз етіп, арнайы мобильді медициналық топтарды ұйымдастыру керек. Үшіншіден, вакцина сапасы мен оның мерзімі өткенін жоюды қадағалауды барынша күшейту маңызды", - деді депутат.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz