Қызылордада қырық жыл бұрынғы құрылыс қайта жанданбақ. Мұндағы тұралап қалған темір жол маңындағы көпір жуырда қолданысқа беріледі. Жоба жүзеге асса, кенттің батыс пен шығыс беткейі бір-бірімен байланысады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Жаңақорған ауданында көлік санының көбеюі теміржол үстінен өтетін көпірдің қажеттілігін күн санап ұғындырып келеді. Қолданыстағы теміржол өткелінің көлік өткізу қабілеті төмен. Сондай-ақ бұл маңайдан жүк көліктері өте алмайды. Ал шығыс беткейдегі өткел пойыз қозғалысы кезінде сағаттап жабық тұрады. Әсіресе көмекке асыққан өрт сөндіруші және жедел жәрдем көліктері ұзақ уақыт аялдауға мәжбүр.
"Ары-бері мал өтеді, пойыз келіп қалса, қиын. Құрылыстың тоқтап тұрғанына қырық жылдай болды", – деді Жаңақорған кентінің тұрғыны Оразбек Рзаев.
Құрылысы қырық жыл бұрын басталған бұл көпір құрылысы қайта қолға алынбақ. Құрылысы тұралап, қараусыз қалған көпір биыл зерттеліп, қайта жаңғыртылады деген шешім қабылданған.
"Көпірде төрт тіреуіш бар, екеуін шет жағымен көтеріп алып, бөлшектерін ауыстырамыз. Ортадан көтеретін тіреуіштер бар, жоба бойынша күрделі жөндеу жұмыстары атқарылады", – деді учаске басшысы Қайрат Жаханов.
"Топырақты 30 сантиметр сайын салмағы 25 тонналық катокпен таптап және тапталғанын растайтын лабораториялық қорытынды алынды. Тоғыз метр биіктікке көтереміз. Асфальт төсеу, қоршау қою жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі", – деді Жаңақорған аудандық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің бас маманы Дәулет Өмірәлиев.
Көпірдің ұзындығы 78, ал ені 12 метр болады. Сонымен қатар бір шақырымнан астам екі жолақты жол салынады. Құрылыс сапасы толық бақылауға алынған. Көпір маңайдағы 15 елдімекенді аудан орталығымен байланыстырады. Жиырма мыңдай тұрғынның жол қозғалысына қиындық туғызған мәселе жыл соңына дейін шешілмек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!