Қызылорда облысында мектеп оқушысын жыныстық құлдықта ұстады деген айыпталушылардың біріне сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта жабық сот отырысында кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікке тарту (ҚК 134-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы) және сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін ұрлау (ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы) дерегі бойынша сотталушы К. қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта айыпталушы қыздың кәмелетке толмаған жасын біле тұра, оны бопсалап, жезөкшелікке мәжбүрлегені анықталды.
"Сонымен қатар, ол жәбірленушілер К., О., Қ.Г., Д.-ның сенімін теріс пайдалана отырып, бірнеше адамға бір уақытта жер учаскелерін сату және облыстың жергілікті атқарушы органдарына жұмысқа орналастыруға қатысты алаяқтық әрекеттер жасаған", - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі өкілдері.
Сот отырысы барысында прокурор айыпталушыны кінәлі деп тануды және оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер мемлекеттік айыптаушының ұстанымын қолдады.
Қорғаушы тарап айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша ақтауды, ал алаяқтық әрекеттері бойынша бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
"Айыпталушының кінәсі психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысымен, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, оқиға орнын тексеру хаттамалары және бетпе-бет кездесу нәтижелерімен дәлелденді. Жазаны жеңілдететін жағдайлар ретінде сот айыпталушының кәмелетке толмаған балаларының барын және бұрын сотталмағанын ескерді, ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. ҚР ҚК 55-бабы 2-бөлігі 2-тармағына сәйкес, жеңілдететін жағдайлар болғанда және ауырлататын жағдайлар болмаған кезде жаза мерзімі бапта көзделген ең жоғары мерзімнің 2/3 бөлігінен аспауға тиіс. Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша оған 6 жыл 8айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі өкілдері.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сотта осы даулы іс бойынша тағы екі қылмыстық іс қаралып жатыр. Олар ҚР ҚК 309-бабының 2-бөлігі ("Жезөкшелікке делдалдық") және ҚР ҚК 299-бабының 3-бөлігі ("Есірткі, психотроптық заттарды қолдануға итермелеу") бойынша тіркелген. Бұл істерде жәбірленуші ретінде 16 жастағы қыз танылған.
Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облысында 16 жастағы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені туралы ақпарат тараған еді.
"Немолчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі 16 жастағы оқушыны сыныптастары ақпаннан бастап туыстарымен жезөкшелікке сатқанын, қыз - бір үйдің жалғызы екенін мәлімдеді.
"Ол ақпаннан бастап жоғалып кете бастаған, ата-анасы полицияға, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға іздеу үшін жүгінген, бірақ олар қызды іздемеген, ол аз болғандай ата-ана құқығынан айырамыз деп қорқытқан, қорыққан ата-ана қыздарын өздері іздеген", - деді ол.
"Немолчи" қорының жетекшісі ұсынған мәліметке сүйенсек, қыз ауық-ауық байланысқа шығып, видеомен хабарласып, кафеде даяшы немесе гүл сататын дүкенде сатушы болып жұмыс істейтінін айтқан. Ата-анасы айтылған жерге барғанда, ол жақтағылар қыздың жай ғана видео түсіріп, кетіп қалғанын жеткізген. Қыздың сөзінше, ата-анасы шу шығармас үшін оны осылай жасауға мәжбүр еткен.
Артынша оқушы қыздың үйіне күзет қойылды. Кейін бопсалау дерегі бойынша жігіт сотталды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!