Қызылордалық қолөнерші: "Илья Ильиннің иығына шапанның орнына бомбер жапқанбыз"

Қызылордалық қолөнерші: "Илья Ильиннің иығына шапанның орнына бомбер жапқанбыз"
Фото: Автордан

Қызылордалық Айман Сүйінтаева ұлттық киім өндірісінде "Aiman abdi" брендін қалыптастыруға ниетті. Оның қолынан шыққан дүниелерді тіпті шет елдер алдырып жатады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Балаға, ер немесе әйел адамға арнап кез келген үлгідегі киімді тігіп бере алады. Тапсырысты жас та болса бас боп жүрген Айманның қарамағындағы алтын қолды шеберлер орындайды.

"Бағасы 5 мыңнан 50 мыңға дейін барады. Шет елден көбіне сонда оқып жүрген қазақ қыз-жігіттер алдырады. Әсіресе, Америка, Әзірбайжан, Ресейге жиі жібереміз", - деді кейіпкеріміз.

Танымал адамдарға сыйға тартқан жағдайлар да бар. Ауыр атлет, бірнеше дүркін Әлем чемпионы Илья Ильиннің, виолончельші Багжан Октябрьдің иығына шапанның орнына бомбер жапқан.
Қазақы нақыштағы киімдерді бұрынғыдай сахнадан, белгілі адамдардың үстінен ғана көріп қоймай, өзіміз де киіп жүрміз. Ол жақсы. Бірақ арзанның сапасы соған сай. Қымбаты қарапайым адамның қалтасын қағады. "Тәуір, бірақ қолжетімді дүние неге жоқ?" деген сұрақ туады.

"Өйткені шикізат қымбат. Дегенмен, біздің дүкенде тастармен көмкерілген қамзол, шапан, той киімдері қолжетімді бағада", - деді Айман Сүйінтаева.

Қолөнерші тақия тіксе де оюдың, өрнектің, киімнің сипаты мен тарихын білу керек деген пікірде.

"Суретші, дизайнер Ерлан Қожабаевтың "Қазақ оюлары" деген кітабында қай оюдың қайда, қандай жағдайда түсетіні көрсетілген. Сонымен үнемі санасып отырамыз", - деді шебер.

Назерке Саниязова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы