1997 жылы үш бөлмелі пәтер сатып алғанда келісімшарт жасамаған әйел сот арқылы пәтер иесі екенін дәлелдеп шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қызылорда қаласының тұрғыны 1997 жылы үш бөлмелі пәтер сатып алған. Тараптар сатып алу-сату шартын жасамаған, сатушы жай ғана пәтерді сатқаны туралы қолхат жазған.
Сатып алушыға техникалық төлқұжат пен пәтердің кілтін берген, бірақ ол сатып алушының атына тіркелмеген. Осылайша, құжат бойынша сатушының меншігі болып қала берген.
Сатып алушы қайтыс болғаннан кейін оның әйелі пәтерді өз атына рәсімдей алмаған. Сатушы түрлі себептермен қайта тіркеуді кешіктіріп, әйел сотқа жүгінуге мәжбүр болды.
"Сотта талапкер осы пәтерде 1997 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін тұрып жатқанын, яғни 27 жылдан астам уақыт бойы үй үшін жауапкершілік алғанын, коммуналдық және басқа да қызметтерге барлық төлемдерді төлегенін, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізгенін айтып, сатушы Алматы қаласына көшіп кеткендіктен, құжат рәсімдей алмай жүргенін жеткізген", - деп хабарлады Қызылорда қалалық соты.
Сатушы 1997 жылы пәтердің сатылғанын растай отырып, шағымды мойындады.
"Азаматтық кодекстің 240-бабының 1-бөлігіне сәйкес мүліктің меншік иесі болып табылмайтын, бірақ оны 7 жыл бойына өзінің жылжымайтын мүлкі ретінде адал, ашық және үздіксіз иелік ететін азамат немесе заңды тұлға бұл мүлікке меншік құқығы", - делінген Жоғарғы соттың түсініктемесінде.
Сот отырысында талапкердің коммуналдық төлемдер бойынша қарызы жоқтығы, салық төлейтіні және пәтерді 27 жылдан астам уақыт бойы адал, ашық және тұрақты пайдаланып келе жатқаны расталды.
Сот жесір әйелдің пәтерге меншік құқығын мойындады.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз