Қызылордалық дәрігерлер құқығын қорғап, сотқа дейін барды

Қызылорда облысында фтизиопульмонология орталығының мамандары 10 жыл бойы әлеуметтік төлем ала алмай келген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Соның салдарынан қызметкерлердің көбі заңда көрсетілген жеңілдіктен қағылып, дер кезінде зейнетке шыға алмай келген. Мұндағылар жылдар бойы туберкулезге шалдыққан науқастарға ем жасағандықтан, өздерінің де кез келген уақытта ауру жұқтыру қаупі бар. Сондықтан мамандардың ай сайынғы жалақысына 5 пайыз қосымша әлеуметтік төлем аударылып отыруы тиіс. Алайда 10 жыл бойы бұл талап ескерілмеген. Дау тудырған мәселе қалалық сотта қаралып, 54 қызметкерге әлеуметтік төлем төленетін болды.

"Талап қоюшылардың конституциялық құқығы шектелген. Жұқпалы аурумен ауыратын адамдармен жұмыс істейді. 2013 жылы Үкіметтің қаулысы бекітілген. Осындай жағдайда жұмыс беруші жалақыға қосымша 5 пайыз төлеуге міндетті", - деді қалалық соттың судьясы Нұрлан Төлеш.

Заңға сәйкес аса қауіпті қызметте жұмыс істейтін әйелдер 51, ал ерлер 58 жастан зейнетке шығуы тиіс. Енді бұл орталықтың шамамен 40 маманы осы жеңілдікке іліге алады. Ал өндірілуі қажет әлеуметтік төлемнің жалпы сомасы 40 миллион теңгеден асты.

Айта кетейік, үкім 1 айдың ішінде заңды күшіне енеді.

"Талап-арыз толық қанағаттандырылды. 54 қызметкерге төленуі керек 5 пайыз, зейнетақысы, 10 пайыз өкіл шығындары өндірілді. Барлығын қосқанда 40 миллион 252 мың теңге. Жауапкер өзінің кінәсін толығымен мойындап, осындай қорытындыға келдік", - деді заңгер Азамат Марат.

Еске салайық, бұған дейін БҚО-да мүгедектердің құқығын таптаған дәрігерлер жазаланғаны хабарланды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!