- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақша өндіру
Қызылордалық әйел емханадан миллион теңге өндіріп алды
Сот Қызылорда тұрғынының моральдық шығын үшін емханадан өтемақы өндіру туралы талап арызын қанағаттандырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қызылорда қаласының тұрғыны 2016 жылы ұл босанған. Балаға бірден "Жедел ми қан айналымы бұзылысы, геморрагиялық түрі. Супратенториальды қан кету" диагнозы қойылған. Ал қалалық емханада есепте тұрғанымен, жауапты қызметкерлер балаға толық диспансерлік бақылау жүргізбеген.
"Нәтижесінде, мүмкіндігінің шектелу дәрежесін құжаттау бойынша дәрігерлік-консультациялық комиссияға жолдауда оның бар-жоғы көрсетілмеген. Сондықтан мүгедектігі шектеулі тобы балаға 7 жастан кейін ғана тағайындалған, бұл кезеңде медицина қызметкерлері балаға диспансерлік бақылау жүргізбеген, емдік-сауықтыру іс-шараларына жолдамалар берілмеген және олар тиісті деңгейде жүргізілмеген, ал неврологиялық патология бойынша мамандардың бақылауы толық көлемде жүргізілмеген", - делінген хабарламада.
Аталған деректердің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаментімен жоспардан тыс тексеру барысында анықталғанына байланысты учаскелік дәрігер тәртіптік жауапкершілікке (сөгіс) тартылып, ал емхана басшылығына 2016-2023 жылдарға арналған мүгедектігі шектеулі балаларға және оларды күтушілерге жәрдемақы төлеуді тіркеу бойынша заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылған.
"Қажетті емдеу шараларын жүргізбеу және тиісті деңгейде медициналық көмек көрсетпеу бала денсаулығының нашарлауына әкелді. Бұл туралы оның анасы Қызылорда қалалық сотына келтірілген моральдық шығынды өндіріп алу туралы талап қоюда атап көрсеткен.
Сондай-ақ, ол мүгедектігі шектеулі тобын тіркеуге жолдаманың уақтылы берілмеуіне байланысты – бала дүниеге келген сәттен бастап санаторийлерде емделу мүмкіндігінен шеттетілгенін атап өткен. Сот істегі құжаттарды зерделей келе, медициналық мекеменің өз міндеттерін орындамауы және тиісті медициналық көмек көрсетпеу салдарынан ананың баласына қиындықтар туып, баланың анасы реніш, моральдық және физикалық азап шеккенін атап өтті".
Осыған байланысты сот талап қоюды қанағаттандырды: емханадан баланың анасының пайдасына моральдық шығын үшін 1 миллион теңге өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина