Қызылорда облысында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топ әшкере болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, арнайы операция облыстық прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп жүргізілген.
Тергеу барысында Шиелі ауданындағы Жаманкөл шатқалында топ мүшелерінің табиғи алтынды заңсыз өндіргені анықталды. Күдіктілердің әрқайсысына нақты міндеттер жүктелген: бір бөлігі алтын өндіру жұмыстарын ұйымдастырса, енді біреулері оны тасымалдау және сатумен айналысқан. Қалғандары қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.
Заңсыз әрекетті жасыру мақсатында аумаққа бақылаушылар қойылып, мотоцикл мінген адамдар маңайды торуылдап отырған. Олар бөгде адамдар мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің келуі туралы алдын ала ескертіп отырған.
Тергеу деректеріне сәйкес, өндірілген алтын Алматы қаласына жеткізіліп, сатудан түскен қаражат топ мүшелері арасында бөлінген.
"Тінту кезінде құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат, екі арнайы техника, 12 металл іздегіш және алты автокөлік тәркіленді. Сондай-ақ екі пневматикалық тапанша мен бір тегіс ұңғылы мылтық табылды", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта 13 адам қамауға алынды. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз