- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қызылордада үстіне шкаф...
Қызылордада үстіне шкаф құлаған баланың ата-анасы мектептің барлық көмегінен бас тартты
Қызылорда білім бөлімі Ziyatker жеке инновациялық мектеп-лицейінде болған оқиғаға байланысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"2023 жылғы 20 сәуір күні Қызылордадағы Ziyatker жеке мектебінің 4-сынып оқушысы түскі үзіліс кезінде киім ілгіш шкаф үстіне құлап, зақым алған. Мектеп әкімшілігінің мәлімдеуінше, оқыс оқиға мектептің 3 оқушысы бірін-бірі шкафқа итеріп ойнау себебінен болғанын мәлімдеді. Орын алған оқиға кезінде оқушының ата-анасына хабар беріліп, жедел-жәрдеммен облыстық балалалар ауруханасына жеткізілді", - делінген хабарламада.
Облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің мамандары оқыс оқиғадан соң арнайы тексеріс жүргізіп, оқушының анасымен мектеп басшысы, сынып жетекшісі, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, фельдшермен бірге ауруханада кездескен, анасының келісімі бойынша емдеуші дәрігерден баланың хал-жағдайын біліп, сөйлескен.
"Оқиғаға байланысты мектеп әкімшілігі оқушының еміне қаржылай көмек және мектепте оқуын тегін жалғастыруын, арнайы тьютор қызметі ұсынылды. Алайда баланың ата-анасы бұл көмектерден бас тартып, арыз тек заң аясында шешілетінін жеткізді. Бүгінгі таңда аталмыш жағдай бойынша іс сотқа жолданып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады білім бөлімі.
Еске салайық, бұған дейін Қызылордадағы жекеменшік мектепте 4-сынып оқушысына шкаф құлағанын хабарлаған едік. Оқушы жарақат алып, ауруханаға түсті. Әлеуметтік желілерде зардап шеккен қыздың анасының үндеуі пайда болды.
Полиция Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі бойынша тергеуді бастаған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан