Қызылордада "сақалды" құрылыстар көбейіп барады

Қызылордада "сақалды" құрылыстар көбейіп барады
Фото: Massaget.kz

Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылындағы спорттық-сауықтыру кешені "сақалды" құрылысқа айналды. "Amanat" партиясы облыстық филиалының бақылау комиссиясы осы сияқты бірқатар мәселені сын садағына ілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кешен құрылысы ұзап кеткесін оны бітіру биылғы қыркүйекке ығыстырылған. Қаржысы уақытылы бөлінген. Бірақ "SCS Инжиниринг" компаниясы межелі жұмысты жар ортасына да жеткізген жоқ.
Жалағаш кентіндегі спорттық-сауықтыру кешенін де әлгі мердігер салып жатыр. Партиялық бақылау тобы тағы сол сапа, тағы сол мерзім мәселесімен бетпе-бет келді. Сот шешімімен айыппұл салынып, жұмысты толық аяқтау міндеттелді. 
Жалағаш ауданының Ақсу елді мекеніндегі кіреберіс көлік жолы да сиырқұйымшықтанып кетті. Оны жеңіл-желпі жөндеу үшін 73,3 млн теңге бөлінген. Маусым айында қолданысқа берілуі тиіс еді. Бірақ жұмыстың 30 процентке жуығы ғана орындалған. Шала-шарпы шаруа болғасын мердігерді сотқа бергеннен басқа амал қалмай отыр. 


"Әрбір нысан халықтың қаржысына салынып жатқандықтан талапқа сай сапалы болуына тапсырыс беруші де, жобалаушы да, мердігерлер де, техникалық бақылаушылар да жауапты. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті құзырлы органдарға ұсыныстар береміз", - деді облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова.

Назерке Саниязова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы