Қызылордада медициналық орталықтың қызметкерлері сотталды, олардың кінәсінен бір жасар баланың денесін күйік шалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2023 жылғы мамырда бір жасар сәбидің анасы ортопед дәрігердің ұсынысы бойынша жеке массаж орталығына жүгінген. Сәбиге дисплазия диагнозы қойылған. Медициналық орталықта балаға массажбен бірге парафин терапиясы жүргізілген, нәтижесінде сәбидің денесін күйік шалған.
Бұл іс сотта қаралып, жеке медициналық орталықтың директоры мен балаға парафин терапиясын жүргізген қызметкер жауапкершілікке тартылды. Оларға бірнеше баптар бойынша айып тағылды: абайсызда адам денсаулығына зиян келтіру, заңсыз медициналық қызмет көрсету, тиісті анықтамасыз заңсыз медициналық қызметпен айналысу.
"Анықтамасы немесе медициналық білімі жоқ Е. есімді қызметкер, парафин емдеу ретінде электр жылыту құрылғысын қолданып, нәрестенің жамбасына орнатып, емдеу процедурасын бастаған. Сегіз минуттан кейін құрылғының ішіндегі су қызып, баланың жамбас аймағын күйдіре бастады, ол ауырғаннан қатты жылай бастады.
Бірақ, соған қарамастан Е. есімді қызметкер процедураны тоқтатпай, керісінше, жылап жатқан баланың аяғын қатты басып, оны тағы 10 минут ұстаған. Оның әрекетінің салдарынан бала жамбас аймағының 36 пайызын 1-2 дәрежелі термиялық күйік шалған", - деп хабарлады Қызылорда сотының баспасөз қызметі өкілдері.
Сот үкімімен сотталушы Б., 58-баптың 2-бөлігінің талабы бойынша кінәлі деп танылып, оған екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сотталушы Е. кінәлі деп танылып, оған екі жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды.
"Азаматтық талапкердің талабы ішінара қанағаттандырылды, сот жауапкер Б.-ны 5 000 000 теңге сомасында моральдық зиянды, жауапкер Е.-ны 500 000 теңге сомасында моральдық зиянды, сондай-ақ, 84 203 теңге сомасында келтірілген материалдық залалды өндіріп алуға үкім шығарды", - делінген хабарламада.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!