Қызылордада оқушы қызды секс-құлдықта ұстаған: әйел сотталды

Қызылордалық әйел кәмелетке толмаған оқушы қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп, жеңгетайлық жасағаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қызылорданың №2 сотында ҚР ҚК 309-бабы 2-бөлігі 2,3-тармақтары бойынша қылмыстық іс қаралды. Сотталушы жәбірленушінің кәмелет жасына толмағанын біле тұра, пайдакүнемдік мақсатты көздеп, оны бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға тартқан.

Прокурор сотталушыны кінәлі деп танып, ҚК 55-бабының 2-бөлігін қолдана отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды, 5 миллион теңге моральдық зиян өндіру жөнінде талап қоюды ішінара қанағаттандыруды сұрады.

"ҚК-нің аталған бабының санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. ҚК-тің 53-бабына сәйкес іс бойынша жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде бұрын сотталмағандығы және жас баласының болуы танылады. Ауырлататын мән-жайлар айыптау актісінде көрсетілмеген. ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігінің 2-тармағына сай, жазаны жеңілдететін мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жаза мерзімі ҚК-тің тиісті бабында көзделген ең жоғары мерзімнің 2/3-нен асыруға болмайды делінген. Сот үкімімен сотталушы ҚР ҚК 309-бабы 2-бөлігінің 2,3-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, моральдық зиянды өндіру туралы талап қою ішінара қанағаттандырылды", - делінген сот үкімінде.

Үкім заңды күшіне енбеді.

Еске салайық, кеше, 24 желтоқсанда Қызылорда облысында мектеп оқушысын секс-құлдықта ұстау ісі бойынша тағы бір үкім шыққан еді.

Бұған дейін Қызылорда облысында 16 жастағы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені туралы ақпарат тараған еді. 

"Немолчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі 16 жастағы оқушыны сыныптастары ақпаннан бастап туыстарымен жезөкшелікке сатқанын, қыз - бір үйдің жалғызы екенін мәлімдеді.

"Ол ақпаннан бастап жоғалып кете бастаған, ата-анасы полицияға, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға іздеу үшін жүгінген, бірақ олар қызды іздемеген, ол аз болғандай, ата-ана құқығынан айырамыз деп қорқытқан, қорыққан ата-ана қыздарын өздері іздеген", - деді ол.

"Немолчи" қорының жетекшісі ұсынған мәліметке сүйенсек, қыз ауық-ауық байланысқа шығып, видеомен хабарласып, кафеде даяшы немесе гүл сататын дүкенде сатушы болып жұмыс істейтінін айтқан. Ата-анасы айтылған жерге барғанда, ол жақтағылар қыздың жай ғана видео түсіріп, кетіп қалғанын жеткізген. Қыздың сөзінше, ата-анасы шу шығармас үшін оны осылай жасауға мәжбүр еткен.

Артынша оқушы қыздың үйіне күзет қойылды. Кейін бопсалау дерегі бойынша жігіт сотталды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!