- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қызылордада медиа мекеме...
Қызылордада медиа мекеме басшысы велосипедті жанына серік еткен
Қызылорданың облыстық телеарна басшысы жұмысқа велосипедпен барып жүр. Мұны өзі оқыған Ұлыбритания мәдениетінің әсері санайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Белгілі журналист, "Болашақ" бағдарламасының түлегі, осыған дейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің баспасөз қызметін басқарған Нұрбек Әмиша Qyzylorda телеарнасының директоры қызметіне былтыр қазан айында тағайындалды. Содан бері аймақ арнасында оң өзгеріс бар – хабар тарату әдісінде жаңашылдық пайда болып, әлеуметтік желіде де танымалдығы артты. Көзі қырағы көрермен мұны онсыз да жақсы біледі. Ал биыл маусым айында телеарнаның төл өнімі – "Құдайы қонақ" бағдарламасы "Үздік әлеуметтік жоба" аталымы бойынша "Тұмар" ұлттық телевизиялық жүлдесін иеленді.
Іргелі ұжымның бағындырған белесі туралы әңгіме өз алдына. Біздің бүгінгі әңгімеміз облыстық телеарна басшысының "шайтан арбаға" әуестігі жайында. Бұл туралы кейіпкеріміз өзі кеңінен айтып берді.
"Астана қаласында автоматтандырылған велосипед жалдау жүйесі бар. 2016 жылы Англияда оқу үшін "Болашақ" стипендиясын жеңіп алғаннан кейін сонда тілдік курста жүргенімде жүйені қолдана бастадым. Велосипед тебуге қызығушылығым осылай оянды. Оқуға кеткесін арада бір жыл үзіліс болды. Елге келгесін қайтадан жалғастырдым. Жұмысқа велосипедпен қатынадым. Ол енді күнде емес, станцияларда велосипедтің болуына байланысты және Астананың жазында ғана", - деді Нұрбек Әмиша.
Кейіпкеріміз 2017-2018 жылдары Ұлыбританияның Лидс университетінде магистратурада оқып, "Саяси қатынастар магистрі" дәрежесін алған. Велосипедке махаббатының оянуына шет ел көргені әсер еткенін жасырмайды.
"Ол жақтың мәдениеті бәрібір басқаша. Кімнің бай, кімнің кедей екенін ажырата алмайсың. Бәрі қарапайым. Адамдары да, көліктері де. Ұлыбританияның премьер-министрі болған Борис Джонсонның велик теуіп жүрген, сонымен дүкенге барып, керегін алып жатқан видеосы тарады. Білдей бір елдің көшбасшысы қарапайым болғасын қалғаны туралы айтудың өзі артық шығар. Ағылшындар үшін бұл таңданатын нәрсе емес. Бай да, бастық та, басқа да тебе береді. Англия мен Қазақстанды салыстыру орынсыз. Ол жақтың инфрақұрылымы велосипед тебуге арналған. Мысалы, біз оқыған Лидс қаласында көлік жолы мен велосипед жолы қатар орналасқан. Тұрғындар қауіпсіздікке қатты мән береді. Міндетті түрде қорғаныс бас киімін, алыстан ерекшелейтін желетке киеді. Бұрын мұндайға мән бермеуші едім, мен де Қазақстанға келгесін осындай дүниелер сатып алып, киюге көштім. Бұл мәдениет бізде енді ғана біртіндеп қалыптасып келеді", - деді әріптесіміз.
"Болашақ" түлегі ағылшындар ауырмаудың амалын жасайтыны, ол үшін дұрыс тамақтанып, уақытын жоспарлап, спортпен шұғылданып, денсаулығын күтетіні ұнайтынын жеткізді.
"Біздің балалық шағымыз 90-шы жылдармен тұспа-тұс келді. Отбасында сегіз бала едік, әкеміздің бізге велосипед сатып әперетін шамасы болған жоқ. Ағаларымыздан ауысқанды кезекпен тебетінбіз. Биыл ғана Weber маркалы велосипед сатып алдым. Қызылорданың Сырдария жағалауында ғана веложолақ бар. Басқа да жерлерге салып, жолақ аясын кеңейтсе жақсы болар еді. Күнұзақ компьютерде отырып жұмыс істейтін біз сияқты адамдар үшін велосипед тебу өте пайдалы", - деді Нұрбек Әмиша.
Ол жұмысқа "шайтан арбамен" ауа райының ыңғайына қарай баратынын, көбіне жаяу жүретінін айтты. Әріптестері алғашқыда тосырқай қабылдағанмен, кейін өзіне еріп, велосипед тебетіндер шыға бастағанын жеткізді. Дегенмен осы әуестігінің салдарынан бұрын денсаулығына зиян келіпті.
"2020 жылы велошабандоз досыммен бірге "Қазақ" радиосының 100 жылдығына арналған велошеруде Астананы бір айналып шыққаным бар. Аяғымды ауыртып алып, операция жасатуға тура келді. Бұл жерде кінә өзімнен болды. Күнде велосипед теуіп жүргенге жарысқа дайынмын деп ойласам, қателескен екенмін. Оған өз алдына бөлек, дайындық керек екен", - деді әріптесіміз.
Назерке Саниязова
Қызылорда облысы
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz