Қызылордада Сәтбаев қаласының бұрынғы прокуроры сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қызылорда қаласының № 2 соты Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының бұрынғы прокурорына қатысты сот процесін аяқтады.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сотта ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 2- тармағымен, 28-бабының 4-бөлігімен, 367-бабының 2-бөлігімен сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы биыл 1 сәуірде Қызылордада танысы Т.-ны кездестіріп, әңгіме барысында оған қатысты бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық істің тергеліп жатқанын білген. Қызмет бабын пайдаланып, оны алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен ақшалай сыйақыға қылмыстық істі оңтайлы шешіп беруге көмек бере алатынын айтып, процестік шешім қабылдайтын лауазымды адамға айтарлықтай мөлшерде пара беруге азғырып, оны қылмыстық құқықбұзушылық жасауға көндірген.
"Сотталушы 2 сәуірде Қызылорда қаласындағы Желтоқсан көшесінің бойында Т.-мен кездесіп, таныстары арқылы қылмыстық іс бойынша оң нәтижелі шешім қабылдауға ықпал ете алатынын жалған айтып, қызмет бабын пайдалану арқылы 2 млн теңге сұраған. Оның 1 млн теңгесін танысының абоненттік нөміріне тіркелген "Kaspi bank" есепшотына аудартқан. Одан кейін сотталушы 24 сәуір күні Т.-мен абоненттік нөмірі арқылы сөйлесіп, оған 500 мың теңгесін танысының абоненттік нөміріне тіркелген "Kaspi bank" есепшотына аудартып алып, алдау жолымен бөтеннің мүлкін жымқырған. Сотта сотталушы өз кінәсін мойындады", - делінген хабарламада.
Сот үкімімен прокуратураның бұрынғы өкілі кінәлі деп танылып, ҚК-нің 190-бабы 3- бөлігінің 2-тармағымен 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына, ал ҚК-нің 28-бабының 4-бөлігі, 367-бабының 2-бөлігімен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын айыру жазасына, ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігінің талабымен онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы түпкiлiктi 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде өмір бойы лауазымды қызмет атқара алмайды.
Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында апелляциялық шағымы қаралып, бірінші саты сотының үкімі күшінде қалдырылды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек