Сыр елінде Жыраулар үйі ашылады. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев облыстық маслихаттың VIII сессиясында хабарлады.
Мәдениет майталмандарының ұсынымы негізінде қалыптасып, көптің көкейінде жүрген мәселенің оңтайлы шешімі дәстүрлі өнер жанашырларының ризашылығына ие болды.
Сыр бойының жыраулық өнері - Қорқыт бабадан бастау алып, кешегі Нысанбай, Балқы базар, Ешнияз, Тұрмағамбет жырларымен жалғасты. Сондай-ақ, Нұртуған, Жиенбай, Нартай, Сәрсенбай жыраулар мектебі қалыптасып, жыр мұрасы Мардан Байділдаев, Алмас Алматов, Алма Құнанбаеваның бастауымен ғылыми түрде зерттелді.
Еске салайық, Қармақшы ауданында Көшеней Рүстембеков атындағы "Жыраулар үйі", Аралда Дәріғұл жырау, Жақсан жырау , Нұртуған шайыр, Жаңаберген жырау үйірмелері және Шиеліде Нартай Бекежанов атындағы "Өнер мектебі" жұмыс істеп тұр.
Қызылорда облысы әкімдігі ұсынған материал
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!