Қызылордада "жоғалған" Қаламгерлер аллеясы қайта ашылды

Қызылордада "жоғалған" Қаламгерлер аллеясы қайта ашылды
Фото: автордан

Қызылорда қаласында екі жыл бұрын ашылып, "жоғалып" кеткен Қаламгерлер аллеясы қайтадан пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жоғалып" кетті дейтініміз, 2021 жылы жергілікті БАҚ өкілдерінің ұсынысын сол кездегі қала басшысы Ғанибек Қазантаев қолдап, аллея бой түзеген болатын. Ол көркем әдебиеттің көрнекті өкілдері Қалтай Мұхамеджанов, Әбділда Тәжібаев, Зейнолла Шүкіровтердің ескерткіші орналасқан аумақтан орын тапқан еді. Салтанатты түрде ашылу рәсімі де болды. Бірақ қаламгерлер кейін соның ізін де таппай қалды.

Журналист Нұрлан Көбегенұлы фейсбук әлеуметтік желісінде біраз бұрын:"Аллеяның аркасы жоқ болып кетіп, орнын сипап қалдық. "Апам да аң-таң, мен де аң-таң" боп жүргенде Қазантаевтың орнын Шәменов ауыстырды. Жаңа әкіммен кездескен сәтте осы жайды құлағына салғанбыз. Қала әкімі Асылбек Шәменов журналистерге көңілінің түзу екенін, аллеяны қалпына келтіретінін айтты", - деп жазды.


Сөйткен Қаламгерлер аллеясы бүгін қайта жаңарды.

"Бұл аллея – қалам ұстаған шығармашылық қауымына көрсетілетін шексіз құрметтің бір парасы ғана", - деді салтанатты рәсімде қала әкімі Асылбек Шәменов.

Сонымен бірге биыл журналистика өкілдерін осы жерде кәсіби мерекемен құттықтап, үздіктерге құрмет көрсетті.

Назерке Саниязова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы