Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Қызылордада сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген оқушыға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Комитет мәліметінше, бүгін аймақтық бала құқықтары жөніндегі уәкіл зардап шеккен қызбен және оның отбасымен кездескен.
"Қазіргі уақытта облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары оған қажетті психологиялық және медициналық көмек көрсетіп жатыр. Құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Аталған жағдай ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің қатаң бақылауында", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облысында 16 жастағы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені туралы ақпарат тараған еді.
"Не Молчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі 16 жастағы оқушыны сыныптастары ақпаннан бастап туыстарымен жезөкшелікке сатқанын, қыз - бір үйдің жалғызы екенін мәлімдеді.
"Ол ақпаннан бастап жоғалып кете бастаған, ата-анасы полицияға, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға іздеу үшін жүгінген, бірақ олар қызды іздемеген, ол аз болғандай ата-ана құқығынан айырамыз деп қорқытқан, қорыққан ата-ана қыздарын өздері іздеген", - деді ол.
"Немолчи" қорының жетекшісі ұсынған мәліметке сүйенсек, қыз ауық-ауық байланысқа шығып, видеомен хабарласып, кафеде даяшы немесе гүл сататын дүкенде сатушы болып жұмыс істейтінін айтқан. Ата-анасы айтылған жерге барғанда, ол жақтағылар қыздың жай ғана видео түсіріп, кетіп қалғанын жеткізген. Қыздың сөзінше, ата-анасы шу шығармас үшін оны осылай жасауға мәжбүр еткен.
Артынша Қызылордада оқушыны жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген сыныптастары қамауға алынды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз