Қызылордада жалғыз ұлынан айырылған ана әділдік іздейді

Қызылордада жантүршігерлік жол апатынан көз жұмған 23 жастағы Дінмұхамед Рақымжановтың анасы әділдік іздеп жүр. Жалғызбасты әйел көлік тізгіндеген ұлының апатқа ұшырауына жол сақшыларын кінәлайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 31-арнаға сілтеме жасап. 

Ананың айтуынша, полицейлер қала ішіндегі тар жолда темір тұлпардың қыр-соңына түсіп, қатты жылдамдықпен қуған. Соның кесірінен жүргізуші машинасымен жарық бағанасына соғылып, ажал құшқан екен.

Жалғызбасты әйел полицейлер істің ақ-қарасын анықтамай, бар кінәні ұлыма жабуы мүмкін деп күмәнданды. Себебі олар әріптестеріне шаң жуытпай отыр дейді. Сондықтан марқұмның туыстары әділдік іздеп, прокуратураға келді.

"Сол жерде жол апатынан кейін сол экипаж қашып кеткен. Ал нарядта басқа полицейлер жүр. Дәл бұлай болмайды. Егер қумаса дәл бұл жағдай болмас еді. Ісіңіз мынадай болып жатыр, я болмаса, келіп-кетіңіз, камераны көріңіз деген сияқты еш қайсы әлі бір қозғалған жоқ", - деді марқұмның анасы Майра Рақымжанова. 

Ал прокурорлар "көлік жүргізушісінің жол жүрісі немесе көлікті пайдалану қағидасын бұзу" бабымен тергеу жүргізіліп жатыр деп қысқа қайырды.

Дінмұхамед Рақымжановтың анасы тәртіп сақшыларының баласын қауіпті қылмыскердей не себепті артынан қуғанын әлі де түсіне алмай отыр. Ал 23 жасында көз жұмған жігіт үйдің жалғыз баласы екен. Жақында ғана оқу орнын тәмамдаған марқұм өзі де құқық қорғау органында жұмыс істеуді армандапты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!