"Интергаз Орталық Азия" АҚ Қызылорда магистральдық газ құбырлары басқармасы директорының бірінші орынбасары сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қызылорда қалалық соты "Интергаз Орталық Азия" Акционерлік қоғамы Қызылорда магистральдық газ құбырлары басқармасы директорының бірінші орынбасары Н. Нұрболатұлына қатысты үкім шығарды.
Ол Orda Glass LTD жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сметалық құнын асыра бағалау және "Шыны зауытын резервтік газбен жабдықтау газ құбырын салу" объектісі бойынша орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою арқылы 60,1 млн теңге сомасында мүліктік залал келтіргені үшін кінәлі деп танылды.
Сонымен қатар ол объектіні салу кезінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолы учаскесін механикалық кесу арқылы мемлекеттік мүлікке қасақана зақым келтіргені үшін сотталды.
Сот үкімімен Нұрболатұлына 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымды қызмет атқаруға 3 жыл мерзімге тыйым салу жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!