Қызылордада аттракцион 18 жастағы жігіттің аяғын жұлып кеткен

Қызылордада аттракцион 18 жастағы жігіттің аяғын жұлып кеткен
Фото: "Жетінші арна"

Қызылордада 18 жастағы жігіт жарымжан болып қалды. Оның екі аяғын аттракцион жаншып жіберген. Оқиға қала орталығындағы демалыс орындарының бірінде болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.

Оқыс оқиға кешке қаладағы жекеменшік паркте болған. Зардап шеккен жігіт екі жылдан бері сонда оператор болып жұмыс істеген. Алдын ала мәлімет бойынша бастапқыда аттракцион ішінде кішкентай бала жылаған. Жігіт соған көмектеспек болып қауіпсіздік аймағынан өткен.

18 жастағы қала тұрғыны дер кезінде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайы тым ауыр болғанын айтады. Қазір жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Көп қан жоғалтқан жігітке күрделі ота жасалған.

"Қазіргі жағдайы өте ауыр. Жансақтау бөлімінде қарқынды ем алып жатыр", - деді көпбейінді облыстық аурухананың бас дәрігері Жасұлан Баймаханов.

Оқыс оқиғадан кейін кешеннің аттракциондар орналасқан бөлігі жұмысын уақытша тоқтатқан. Полиция қылмыстық іс қозғаған.

"Абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір осы іс аясында болған оқиғаның мән-жайын толық анықтауға бағыттаған тергеу жүргізіліп жатыр", - деді облыстық ПД анықтау басқармасының бастығы Әділ Анарбаев. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget