Қызылорда облысының тұрғыны жаңа туған егіз баласын 546 мың теңгеге сатып жіберген. Істің мән-жайы сотта айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Арал ауданының тұрғыны сотталушы Д. бір азаматпен танысып, жақын қарым-қатынаста болып жүріп, салдарынан жүкті болып, егіз нәрестелі болатынын білген. Алайда, ол балаларын сату арқылы пайда табуды көздеген. Сөйтіп, өзінің таныстары ерлі-зайыпты сотталушылар Ж. мен К.-мен кездесіп, босанғаннан кейін балаларын ерлі-зайыптыларға сату арқылы беру туралы өзара келісімге келген.
"Келісім бойынша ерлі-зайыпты сотталушыға Kaspi bank қосымшасы арқылы дәрі-дәрмек және азық-түлік алу үшін 2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында әртүрлі соммада барлығы 60 000 теңге аударған. 2023 жылғы 21 сәуірде сотталушы Д. Қызылорда қаласындағы "Ана мен бала орталығында" егіз баланы дүниеге әкелген. Ерлі-зайыпты Ж. мен К. сотталушыны Д.-ны перзентханадан шығуына байланысты егіз балаларымен бірге күтіп алып, Арал қаласына тасымалдап алып барған", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сотталушы Д. өзінің жаңа туған балаларын ерлі-зайыптыға табыстап, келісім бойынша 200 000 теңгені қолма-қол алып, бас пайдасына жұмсаған.
Әрі қарай келісілген қаражатты бөліп төлеуге келісіп, ерлі-зайыпты сотталушыға Kaspi bank арқылы 252 000 теңгені және 34 000 теңгені бөлек-бөлек аударған. Осылайша, сотталушы Д. ерлі-зайыптыдан егіз балалар үшін жалпы сомасы 546 000 теңге алған.
Сотталушы және ерлі-зайыптылар нотариусқа жүгініп, сотталушы егіз балаларды ерлі-зайыптылардың асырап алуына және алдағы уақытта қамқорлыққа алуына келісім берген.
Осылайша, сотталушылар алдын ала сөз байласу арқылы материалдық тәуелділікті пайдаланып, кәмелетке толмаған екі адамға қатысты сату әрекетін жасаған.
"Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен өзінің балаларын сатқан сотталушы Д. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 135-бабы 2-бөлігі 1),5),10),12)-тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ерлі-зайыпты сотталушылар Ж. мен К. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 135-бабы 2-бөлігі 1),5),10),12)-тармақтарымен кінәлі деп танылып, Қылмыстық Кодекстің 55-бабы 4-бөлігі қолданып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды", - деп хабарлады Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!