Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев миллиардер, кәсіпкер Болат Өтемұратовқа неге хабарласқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілі облыс әкіміне "Қорқыт ата атындағы әуежай – Қазақстандағы көне нысандардың бірі. Әуежайда жаңа терминал салынып жатыр. Құрылыс біткеннен кейін нысан халықаралық рейстерді қабылдай ала ма?" деп сұрақ қойды.
Нұрлыбек Нәлібаев өңірде мұндай мәселе барын мойындады.
"Шынында да біздің терминалымыз ескі. Алайда өткен жылы мен облыс әкімі қызметіне келгенде демеушілердің көмегімен 100 млн теңгеге әуежайдағы ескі терминалды жөндедік. Қазір жағдай жақсы. Ұялмай, келген қонақтарды қабылдап жатырмыз", - деді ол ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Облыс әкімі жаңа терминалдың құрылысы басталғанын атап өтті.
"Жерлесеміз Болат Өтемұратовқа шықтық. Мемлекет басшысы да тапсырма берді. Оны сіздер білесіздер. Президенттің тапсырмасы бойынша біз Болат Өтемұратовпен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Болат Өтемұратовтың қоры жобаны қолға алып, ақпанда терминалдың құрылысын бастады. Жобаның құны – 15 млрд 700 млн теңге", - деді өңір басшысы.
Ол терминалдың құрылысы алдағы жылы аяқталады деп сендірді.
"Келесі жылдың мамырында (терминалдың) құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жұмыс істеп жатырмыз. Кеше бізге Көлік министрі Марат Қарабаев іс-сапармен келді. Онымен бірге әуежайдағы жаңа терминалдың құрылысымен таныстық... Өкінішке қарай, қазір тек Астана мен Алматы қаласына рейстер ашылған. Күніне 3-4 рейс қатынап жатыр. Біз соны көбейту жөнінде мәселені көтердік. Себебі, әуе рейстеріне сұраныс өте жоғары... Қазір менің орынбасарларым министрлікпен бірігіп, бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатыр", - деді облыс әкімі.
Нұрлыбек Нәлібаев өңірде әуе рейстерінің саны артуы ықтимал екенін жеткізді.
"Алдағы уақытта жаңа терминал ашылғанда міндетті түрде рейстерді көбейту бойынша жұмыс істейміз. Бұл терминалдың ерекшелігі – мемлекеттік меншікте. Себебі, кейбір адамдар терминалды Болат Өтемұратовтың қоры салып жатқандықтан ол жекеменшікке болады деп ойлап қалуы мүмкін. Нысан мемлекеттік меншікте болады. Қазір (Болат Өтемұратовтың қоры) тек демеушілікпен нысанды салуда", - деді өңір басшысы.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!